Бес жылдан кейін елімізде әр бесінші тауар онлайн сатып алынуы мүмкін
Қазақстан электронды саудада серпіліс жасап келеді. Соңғы бес жылда бұл саладағы айналым жеті есеге өсіп, 3,2 трлн теңгеге жетті. Бұл бөлшек сауданың 14,1 пайызын құрайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Пәкістан Ислам Республикасында өткен «Электронды коммерция арқылы логистика мен бизнеске қол жеткізу» атты халықаралық саммит аясында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің электрондық және биржалық сауда департаментінің директоры Ғалия-Бану Мейрбаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, елімізде электронды сауданы дамыту экономиканы жаңғырту, экспорттық әлеуетті кеңейту және өңірлік интеграцияны күшейту үшін стратегиялық басымдық ретінде қарастырылып отыр.
Бұл мақсатқа жету үшін биыл наурызда электронды сауданы дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Онда заңнаманы жетілдіру, халыққа арналған білім беру жобаларын іске қосу, кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету және заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту сынды бірқатар бағыт қамтылған.
Сонымен қатар, саммитте Қазақстан мен Пәкістан арасындағы электронды сауда саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы биылғы сәуірде қол қойылған меморандумның маңызы аталып өтті. Бұл құжат трансшекаралық сауданы жеңілдетуге және екіжақты әріптестікті нығайтуға бағытталған.
Қазақстан тарапы халықаралық платформаларда – ДСҰ, БҰҰ, ШЫҰ және ЕАЭО аясында трансшекаралық сауда мен цифрлық экожүйені дамыту бойынша жұмысты жалғастыра беретінін мәлімдеді.
Министрлік өкілдері электронды сауда саласы ел экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететініне сенімді.
Дамир Омаров