KZ
Өскемен
-6°
небольшой снег жел 7 м/с, СБ
519.61 610.13 6.54

Мәншүк Мәметоваға пулемет басқарудың қыр-сырына үйреткен алғашқы тәлімгері, жерлесіміз – Қалисар Қабдулинов

4.12.2025, 16:00 149 Айна Бакимбаева

Қазақтың батыр қыздарының бірі, Ұлы Отан соғысының батыры Мәншүк Мәметованы пулемет басқарудың қыр-сырына алғаш үйреткен «Ворошилов атқышы» атанған Ұланнан шыққан рота командирі, лейтенант Қалисар Қабдулинов болатын. Ол кісі 1940 жылдан 1976 жылға дейін 36 жыл әскери қызметте болған адам. 1942 жылдың қараша айында 100-ші және 101-ші атқыштар бригадалары жаудың Мәскеуге қарсы шабуылын тойтаруға үлесін қосты. Осы ұрыстарда Қалисар басқарған батальон құрамында Мәншүк Маметова да болған еді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қалисар Қабдулинов 1920 жылы 15 қазанында Ұлан ауданына қарасты қазіргі Бестерек ауылының маңындағы Көктау тауының түбіндегі кішкене ауылда дүниеге келді. Балалық шағы Өскемен қаласында өтті. Сегізінші класты бітіргеннен кейін Семей саяси-ағарту техникумына түсті.

– Ол кезде әр бала ұшқыш болуды армандайтын. Қалисар аға да солай болды – «Ворошилов атқышы», атты жауынгер, ұшқыш болуды армандады. Бірде «Комсомолдар авиацияға барады» науқаны шеңберінде қалалық комсомол комитеті техникумнан бес адамды іріктеп алып, аэроклубқа оқуға жіберді. Солардың бірі Қалисар Қабдулинов еді, - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Сәкен Ғайса.

Қалисар Қабдулиновтың естеліктерінде сол кезең туралы жазғаны да бар.

«Таңертеңнен сағат 12-ге дейін біз аэроклубта сабақ оқысақ, ал сағат 1.30-да техникумдағы сабаққа асықтық. Есімде, күнде аэроклуб пен техникум ортасында 10 шақырымдай ара қашықтықты еңсеріп жүгіріп жүреміз. Ол кезде Семейде ешқандай қалалық көлік болмағандықтан асханаға тамаққа кешігіп келетінбіз, сонда бізге бұйыратыны тек суып қалған тамақ болатын».

Денсаулығына байланысты Ұшқыштар оқуына түсу бұйырмады, бірақ есесіне 1940 жылы Әскери училищеге түсті. Ол кезде бұл Алматыдағы алғашқы училище және Қалисар Қабдулинов оның алғашқы түлектерінің қатарында болды.

Екінші дүниежүзілік соғысқа 1942 жылдың қыркүйегінде кірді. 1942 жылы Алматыда жасақталған 100-ші қазақ-ұлттық атқыштар бригадасы қатарында рота командирі, лейтенант Қ.Қабдулинов та болды. Көп ұзамай бұл бригада да майдан шебіне шығады. Қыркүйек айында Қалисар Қабдулинов жараланып госпитальға түседі. Жазылып шыққан соң батальон командирінің орынбасары болып қатарға тұрады.

– Қараша айында 100-ші және 101-ші атқыштар бригадалары жаудың Мәскеуге қарсы шабуылын тойтаруға үлесін қосты. Осы ұрыстарда Қалисар аға басқарған батальон құрамында Мәншүк Мәметова да болған еді. «Ворошиов атқышы» Қалисар аға батыр қыз Мәншүкті пулемет басқарудың қыр-сырына үйреткен алғашқы тәлімгері еді. Ол кейін 91-гвардиялық атқыштар дивизиясында батальон командирі ретінде Бірінші Беларусь майданында фашистермен шайқасып жүргенде, шәкірті Мәншүктің Батыр атағын алғанын естиді. Дивизия соғысты Кенигсбергке шабуылмен аяқтады. 1945 жылы маусымда Қ.Қабдулинов осы дивизия құрамында көптеген әскери мамандар қатарында Жапониямен соғысқа Қиыр Шығысқа жіберілді. Жағдай 1941 жылдың маусымынан мүлдем өзгеше болды. Кеңестік армияда жауынгерлік тәжірибе мол болды, соғысқа моральдық, физикалық жағынан даяр болды және әскери басымдыққа ие болды, әскерилер түгелдей жаңа техникамен қаруланған еді, - дейді тарихи деректерді саралаған ШҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Сәкен Ғайса.

Жапондар, әрине, жауынгер мықты халық, бірақ Кеңес әскерлерінің тегеурініне шыдамай, олар көп ұзамай жеңіліске ұшырады.

Жапониямен соғыс 9 тамыздан 3 қыркүйекке дейін, бір ай шамасында жалғасты. Оған жерлесіміз мотоатқыштар батальоны командирі болып қатысты.

Қалисар ағаның естелігінен:

«Біз Манчжурияға кірген кезде желмен бірге муссондық жаңбыр жауғаны есімде. Жаңбырдан тіпті дем алуға мүмкіншілік жоқ еді. Жер-көктің барлығы езіліп, батпақ болып, танкілер батып жатты. Қолға түскен жапондық кавалериялық полкті қарусыздандырып, олардың аттарына мініп алдық. Соның арқасында қарсыластарымызды теміржол бойымен қуып келдік. Кеңес әскері қатарында Забайкалье майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы Малиновский де болды, ол жеке Приморье армиясы қатарында әрекет етті. Моңғол армиясының мотоатқыштар батальоны біздің оң жақтағы көршіміз болды.
Біздің бесінші гвардиялық корпус құрамындағы 39-шы армиямыз Забайкалье майданының оң қанатында әрекет етті. Менің батальонымда 700-ге жуық адам болды. Ол танкілермен, өздігінен жүретін зеңбіректермен күшейтілген еді. Айналаға қарап, кідіріп қалуға болмайды, жолда сақ балу қажет еді. Шабуылдадық. Жасырынып даярланған жау аяқ астынан пайда болуы мүмкін еді. Біздің негізгі мақсат - асуды басып алу болатын. Дегенімізге жетіп дұшпанның басты қорғаныс шебі - Үлкен Хинганды басып алып, Тастанбұлақ тұсында орналастық. Біз өз дивизиямыздың алды болдық, ал Үлкен Хинган асуы ірі стратегиялық биіктік еді. Бізге біздің әскер келгенге дейін осы жерді ұстап тұру міндеттелді. Ал жапон кавалеристері бізге қарсы шабуыл жасамақ еді, бірақ олар қорқып, шегінді. Осы операция үшін мен Александр Невский орденімен марапатталдым. Орденді маған армия қолбасшысы, Армия генералы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Белобородов тапсырды».

Осылайша Жапонияның жеңілісімен Екінші дүниежүзілік соғыс та аяқталды. Осыдан кейін Қалисар Кабдулинов Манчжурияда бес жарым жыл қызмет етті, 1951 жылы Мәскеуге оқуға аттанды.

Ардақты ардагер Қалисар Қабдулинов Алматы қаласы Совет ауданының әскери комиссары болып 10 жыл жұмыс істеді, 1976 жылы зейнеткерлікке шықты. «Елге келген сайын Ұлан ауданы Бестерек ауылы маңындағы Көктаудын түбінде ағып жатқан бұлақтан тамсанып су ішіп, «қайран туған жерім» деп масатыдай көк шөпке аунайтын» деп еске алады Қалисар ағаны әлі күнге дейін көненің көзін көрген ауылдастары.


Айна Бакимбаева 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу