KZ
Өскемен
-9°
небольшой снег жел 3 м/с, ОШ
516.13 538.01 5.29

Шығыстың үш қаһарманы жайлы үзік сыр

Фото: faktiler.kz

6.05.2024, 22:22 226 Қызырбек Дүргінбайұлы

Қазақ халқы білекті ұлдарын жау өтіне салып батыр еткен, жүректі ұлдарын сөз майданына салып ақын еткен. Елдік мүдде жолында ерлік көрсеткен батыр бабаларымыз қаншама?! Бүгін Ұлан ауданында туған үш бірдей Кеңес Одағы батырының ғұмырбаянына шолу жасауды жөн көрдік.

Халық қаһарманы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың даңқты перзенті – Қасым Қайсеновтің ерлігіне түгел жұрт қанық. Тұғырлы тұлғаның қаламгер ретінде де есім-сойы елге таныс. Қасым Қайсенов 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асубұлақ ауылында дүниеге келіп, 2006 жылы туған жерінде бақилық болған.

Қасым Қайсеновтің ерлігін туған жұрты бағалап, есімін жас ұрпаққа дәріптеп келеді. Облыс орталығында батырдың атына көше беріліп, ескерткіші бой көтерген. Ал батыр туған аудан орталығы қазіргі уақытта Қасым Қайсенов кенті деген абыройлы атты еншілеп отыр. Партизанның ерлігі том-том кітапқа да, деректі фильмге де арқау болып, оқырман қауымға жол тартқан.

Ұлан ауданының топырағында туған тағы бір батыр – Төлеген Тоқтаров. Кеңес Одағының Батыры атанған тұлға 1920 жылы Қарақұдық ауылында дүниеге келіп, 1942 жылы майдан даласында мерт болды.

Батыр Төлеген Тоқтаров Кеңес әскері қатарына 1941 жылдың желтоқсанында шақырылып, Калинин майданы 3-екпінді армия 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы 1075-полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Дивизияның «Отан үшін» газеті ержүрек автоматшының бір тәулік ішінде жаудың 150-ден астам әскері мен офицерін жойғаны туралы жазған. Батыл да бекем қимылдайтын Төлеген жауынгерлерді сан рет жауға бастап шыққан. Қаһармандығы мен батылдығы үшін Тоқтаровқа қаза тапқаннан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Батырдың есімін елі ұмытпай, ардақтап келеді. Бүгінде Ұлан ауданындағы ауылдық округтың атауы батыр есімімен аталады.

Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түсіп, өшпес із қалдырған Ізғұтты Айтықов 1922 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы Ұранхай ауылында дүниеге келіп, 1944 жылы майдан даласында мерт болған.

Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов 1942 жылы майдан даласына аттанды. Сталинград іргесіндегі шайқаста Калинин, Курск, Белгород облыстарының жерін азат етуге қатысты. Ол ерлікпен Батыс Двина жағалауына дейін жетті. Ер жүрек барлаушы жау тылында бірнеше рет болып, 50 гитлершіні жойып, бөлімге 22 «тіл» әкелген. Командованияның жауынгерлік тапсырмасын үздік орындап шыққаны үшін Қызыл жұлдыз, І, ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен наградталды. Ал 1944 жылы 22 шілдеде гвардия старшинасы Ізғұтты Айтықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Батыр есімін елі ұмыт қалдырмады. Ұлан ауданында бүгінде Ізғұтты Айтықов ауылы бар.

Міне, бұл ШҚО Ұлан ауданында туып, байтақ далада батырлық танытқан ержүрек ерлеріміз жайлы бір үзік жазба ғана. Ұлтқа қорған, ұрпаққа өнеге болған батырлар есімі мәңгілік ұмытылмайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу