KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, ОБ
514.31 603.03 6.4

15 жыл құжатсыз жүрген

11.12.2025, 11:00 88 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Саратов ауылдық округінің тұрғыны 15 жыл бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген. Бұл келеңсіз жағдай туралы естіген облыстық Полиция департаментінің қызметкері, учаскелік инспектор Әсет Ескендіров азаматқа құжаттарын қалпына келтіруге көмектесіп, нағыз адамдық міндет пен кәсіби борыштың үлгісін көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz.

Тәртіп сақшысы аудан аумағын аралау барысында 15 жыл бойы жеке куәліксіз жүрген жергілікті ер адамды анықтаған. Тұрғынның айтуынша, ол 2010 жылы жеке куәлігін жоғалтып алған, ал түрлі себептермен оны қайта рәсімдеуге мүмкіндік болмаған. Уақыт өте келе мәселе күрделенгенімен, ешқандай құжатсыз өмір сүру оның күнделікті тұрмысына едәуір қиындықтар туғызған.

Жағдайды назардан тыс қалдырмаған инспектор Әсет Мұхтарұлы тұрғынға қажетті құжаттарды жинауға жан-жақты қолдау көрсетіп, барлық процесті өз бақылауына алды. Ол ауыл тұрғынын Қасым Қайсенов кентіне бірге ертіп апарып, талап етілетін мәліметтерді рәсімдеп, Халыққа қызмет көрсету орталығына жеткізіп, құжат тапсырудың әр кезеңінде жанында болды.

Полиция қызметкерінің қамқорлығы мен табандылығының арқасында жақын күндері ауыл азаматы жаңа жеке куәлігін қолына алды. Бұл — тек құжаттың қалпына келтірілуі ғана емес, көп жылдан бері шешілмей келген мәселенің түйіні тарқатылып, азаматтың құқықтық мәртебесі толық орнына келді деген сөз.

Бұл оқиға — полиция қызметінің тек құқықтық тәртіппен ғана шектелмейтінін, оның негізінде адамға деген жанашырлық пен азаматтарға қолдау көрсету миссиясы жатқанын дәлелдейді. Әсет Ескендіровтің әрекеті – профилактикалық жұмыстың тиімді жүргізілгенінің, ал полицияның халыққа жақын, қоғамға тірек бола алатын құрылым екенінің айқын көрінісі.


Фото: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу