Қазақстандағы тұңғыш Әлеуметтік диалог орталығы ашылды – ШҚО
Өскемен қаласында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың қатысуымен республика бойынша алғашқы Әлеуметтік диалог орталығы ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған әлеуметтік диалог орталығы алаңы – мемлекеттің, жұмыс берушінің және кәсіподақтардың ортақ пікірлерін тоғыстырып, өңір еңбеккерлерінің мүддесін қорғайды.
Әлеуметтік орталықтың салтанатты ашылу рәсімінің лентасын облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, «Казцинк» ЖШС-і бас директоры Жанат Жанботин, ҚР «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов және "Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақ орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов қиды.
Шығыстағы өндірістік алпауыттардың бірі – «Казцинк» компания бастамаған алғашқы болып қолдау танытқандардың қатарында.
Орталықтың ашылу рәсімінен соң облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалық етуімен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссияның отырысы өтті. Әлеуметтік шараға қалалар мен аудандар әкімдері бейне байланыс режимінде қатысты.
Әлеуметтік маңызға ие жиын аясында Шығыс Қазақстан облысының еңбек ұжымдарындағы ағымдағы ахуал баяндалып, ол туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыстық департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов толыққанды ақпарат ұсынды.
Аймақтың еңбек ұжымдарындағы ахуалдың тұрақтылығы үнемі назарда болатындығын атап өткен облыс әкімі жаңа жылға дейін өңірдегі барлық кәсіпорындар мен жұмыс берушілер жұмысшылар алдындағы жалақы берешектерін толық өтеуін нақты тапсырды.
Бұдан бөлек басқосуда Қазақстанның саңыраулар қоғамы "Казцинк" ЖШС-мен бірлесіп іске асыратын "Халықтық бақылау" жобасының жұмысы туралы айтылып, жоба жайында атамыш қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының жетекшісі Маргарита Коханова баяндады.
Ал биылғы жылы өңірде "Жұмысшы мамандықтар жылы" шеңберінде атқарылған шаруалар туралы "Казцинк" ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев, "Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақ орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов және Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова айтып өтті.
Айта кетейік, орталық Өскемендегі Республика алаңының жанында орналасқан (Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі 70 мекенжайында).
Үшжақты комиссия отырысынан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев және жиынға қатысушылар «Казцинк» ЖШС-нің еңбек қауіпсіздігін бейнемониторинг арқылы бақылау орталығына барды.
Сонымен қатар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты «Өскемен қалалық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы» мекемесінің де жұмысымен танысты.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Артём Жигулин
Видео: Евгений Щетников















