Шығыс Қазақстанның рухани картасы: топонимдер мен аңыздар түркі дүниесінің ғылыми кеңістігінде
Жаһандану үдерісі күшейген қазіргі кезеңде ұлттық рухани мұраны сақтау мен оны заманауи форматта ұсыну – ғылым мен туризм саласының ортақ стратегиялық міндетіне айналып отыр. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен «Шығыс Қазақстанның әдеби және лингвистикалық туризмінің аймақтық интеграциясы: топонимдердің этимологиясы мен мекендік аңыздарды цифрландыру» атты мақсатты бағдарламалық жоба аясында жүзеге асқан халықаралық ғылыми тағылымдама отандық гуманитарлық ғылым үшін маңызды қадам болды. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары Түркияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Эге университетінде түркі дүниесінің ортақ рухани қазынасын ғылыми тұрғыда зерделеп, Шығыс Қазақстан өңірінің топонимдік және аңыздық мұрасын халықаралық ғылыми айналымға енгізуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізді. Бұл бастама ғылым, мәдениет және туризм тоғысындағы жаңа ғылыми бағыттардың дамуына серпін беріп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Шығыс Қазақстанның әдеби және лингвистикалық туризмінің аймақтық интеграциясы: топонимдердің этимологиясы мен мекендік аңыздарды цифрландыру» атты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен мақсатты бағдарламалық жобасы аясында жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу және шетелдің орталық кітапханаларынан ғылыми деректер қарастыру мақсатында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Бердібек Бияров мен қауымдастырылған профессор, ф.ғ.к. Бақытжан Келгембаева Түркияның Эге универсиетіндегі «Түркі дүниесі зерттеу» ғылыми-зерттеу институтында ғылыми тағылымдамадан өтті.
Эге университетінің «Түркі дүниесі зерттеу» ғылыми-зерттеу институтында жүргізілген ғылыми ізденістер барысында түркі әдеби мұрасын зерделеу, мәдениеттер үндестігін зерттеу, сондай-ақ фольклор, тіл мен әдебиет саласындағы деректерді жинақтау бағыттарында кешенді жұмыстар жүргізілді. Тағылымдаманың ғылыми маңызы – халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту, ортақ ғылыми жобаларға бастама беру және отандық ғылымның әлемдік кеңістікпен интеграциялануына жол ашуында. Сонымен қатар, тағылымдама қатысушылары шетелдік жетекші ғалымдармен тәжірибе алмасып, ғылыми ынтымақтастық орнатуға бағытталған маңызды кездесулер өткізді. Бұл іссапар ғылыми әлеуетті арттыруға, жоғары білім беру сапасын жетілдіруге елеулі үлес қосты.
Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Бердібек Нұролдаұлы пен қауымдастырылған профессор, ф.ғ.к. Бақытжан Бекенқызы Түркияның Эге универсиетіндегі «Түркі дүниесі зерттеу» ғылыми-зерттеу институтында ғылыми-әдістемелік семинар өткізді.
Семинардың негізгі мақсаты – Шығыс Қазақстан өңірінің бай топонимдік қазынасы мен аңыз-әңгімелерін түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасы тұрғысынан зерделеу және оны халықаралық ғылыми ортаға таныстыру болды. Ғалымдар топонимиканың тарихи-мәдени мәні, аңыз-әңгімелердің этнолингвистикалық сипаты, олардың әдебиет пен туризмдегі рөлі туралы ғылыми-әдістемелік пайымдауларын ортаға салды.
Бұл семинар тек қана академиялық алмасу емес, сонымен қатар, екі ел арасындағы ғылыми байланыстарды тереңдетуге, ортақ зерттеу жобаларын дамытуға, жас ғалымдарға бағыт-бағдар беруге және түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын ұлықтауға арналған маңызды алаң ретінде бағаланды.
Туризм саласына халқымыздың рухани жәдігерлерін оңтайлы, әрі жүйелі кіріктіру арқылы әлемдік аренада еліміздің жағымды бет-бейнесі мен имиджін қалыптастыру жолдарынан іздену мәселесі өзектене түсуде. Сырт қарағанда, туризм мен фольклортану, әдебиеттану, тілтану салаларының ешбір байланысы жоқ секілді. Ал шын мәнінде, әдеби-рухани жәдігерлеріміздің қолданбалы әлеуетін ғылыми тұрғыдан зерттеу және туристік мақсаттарда оңтайлы қолдану – тар аяда туристерге берілетін мәдени-танымдық ақпаратты ғылыми негізде, дұрыс іріктеп және жинақтауға мүмкіндік береді. Ал кең аяда елдік мүддемізді қорғау, мәдени экспансиядан сақтанунына жол ашатынын айтады профессор.
Қазақстанның табиғи ландшафтымен қатар, тарихи-аңыздық кеңістігі де келушілердің қызығушылығын тудыра алады. Әсіресе, Шығыс Қазақстан өңірінің аңыздары – маңызды туристік ресурс болуға лайықты мәдени мұрамыздың бірі.
Зерттеулер көрсеткендей, аңыздарды пайдаланушылар экскурссия кезінде, туристік маршруттар барысында, брендингте мынадай қателіктер жіберуі мүмкін:
белгілі бір туристік нысан туралы аңыздарды мүлдем білмеу;
туристік үдерістегі аңыздардың маңызын жете түсінбеу немесе орынсыз пайдалану;
туристік және экскурсия қызметінде аңыздардың дербес мәдени құбылыс ретінде қолданылмауы;
өңірлік имидж не бренд қалыптастыруда сол өңірдің «мифологиялық кеңістігін» ескермеу т.б.
Ғылыми тағылымдама барысында жүргізілген зерттеулер Шығыс Қазақстан өңірінің топонимдері мен аңыз-әңгімелерінің тек жергілікті мәдени құндылық қана емес, бүкіл түркі әлеміне ортақ рухани мұра екендігін айқын көрсетті. Әдеби-мәдени жәдігерлерді ғылыми негізде жүйелеу, цифрландыру және оларды туризм саласына сауатты кіріктіру өңірлік бренд қалыптастырудың, ұлттық мүддені қорғаудың және мәдени сабақтастықты сақтаудың тиімді тетігі бола алады. Түркиядағы ғылыми байланыстар арқылы қалыптасқан серіктестік алдағы уақытта бірлескен зерттеу жобаларының жүзеге асуына, жас ғалымдардың халықаралық деңгейде қалыптасуына және Қазақстанның гуманитарлық ғылымының әлемдік ғылыми кеңістікке ықпалдасуына жол ашады. Ең бастысы, бұл бастама Шығыс Қазақстанның табиғи ғана емес, рухани кеңістігін де жаһандық ғылыми және туристік картада айқындауға қызмет етпек.
Фото: Бақытжан Келгембаева


