ШҚО-да пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылуда
Фото egemen.kz
Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұл бастама – ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру, жер ресурстарын ұтымды пайдалану және халықты жермен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған маңызды қадам, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
2022 жылдан бері мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жалпы көлемі 226,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 2022 жылы – 100,6 мың гектар, ал 2023 жылы – 125,7 мың гектар қайтарылды. Ағымдағы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, мемлекетке 9,1 мың гектар жер қайтарылды. Бұл жерлердің аудандар бойынша бөлінісі төмендегідей: Алтай ауданы – 0,3 мың га, Глубокое ауданы – 0,2 мың га, Зайсан ауданы – 2,7 мың га, Күршім ауданы – 5,3 мың га, Ұлан ауданы – 0,6 мың га.
Қайтарылған жерлерді тек мемлекет меншігіне алып қою жеткіліксіз, олардың экономикалық айналымға тартылуы аса маңызды. Осы мақсатта бүгінгі таңда мемлекетке қайтарылған жерлердің 30,3 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілді. Бұл жұмыстардың нақты нәтижелері: 20,8 мың гектар жер халыққа берілді, 9,5 мың гектар жер агроқұрылымдарға конкурс негізінде бөлінді.
Жер ресурстарын тиімді пайдалануды арттыру шаралары өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына оң ықпал етуде. Бұл бағыттағы жұмыстар аймақтағы ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға, халықты жұмыспен қамтуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару тек экономикалық ғана емес, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да маңызды мәселе. Мемлекет бұл жерлерді ауыл шаруашылығына тиімді пайдалану арқылы ауылдық жерлердің дамуына ықпал етуді көздеп отыр. Сонымен қатар, халыққа жер ресурстарын ұсыну арқылы шағын шаруашылықтардың көбеюіне және ауыл тұрғындарының табысының артуына жағдай жасалады.
Шығыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және оларды айналымға енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және өңір экономикасын нығайтуға бағытталған. Жерді тиімді пайдаланудың арқасында аймақтағы халықтың әл-ауқаты жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі арта түседі.
Алдағы уақытта қайтарылған жерлердің барлығын толыққанды айналымға енгізу жұмыстары жалғаса береді, бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін бермек.
Ержан Әбіш