KZ
Өскемен
-4°
небольшой снег жел 2 м/с, ОБ
512.83 600.58 6.36

2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 13,7 млн гектар жер қайтарылды

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

21.09.2025, 15:00 209 Ержан Әбіш

Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін әділ бөлу мен ашықтықты қамтамасыз етуге басымдық берілуде. 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 13,7 млн гектар жер қайтарылып, оның басым бөлігі ауыл тұрғындары мен фермерлердің игілігіне берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайта айналымға енгізу жұмыстары қарқын алып келеді. 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 13,7 млн гектар жер қайтарылып, оның 6,2 млн гектары қайта бөлінді. Соның ішінде 2,1 млн гектар елді мекендерге жақын орналасқандықтан ауыл тұрғындарының мал жаюына ортақ пайдалануға берілді, 4,1 млн гектар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында конкурс арқылы бөлінді, ал 4 млн гектар бұрынғы жер пайдаланушылардың игеруіне қайта енгізілді. Бұл деректер 18 қыркүйекте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жер ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық комиссия отырысында айтылды.

Мемлекет басшысы Жолдауында әкімдіктерге қайтарылған барлық ауыл шаруашылығы жерлерін 2026 жылдың ортасына дейін айналымға енгізуді міндеттеген болатын. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы жоспар әзірлеп, өңірлерге жолдады. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, жер бөлу кезінде ауыл тұрғындарының жайылымға қажеттілігі мен фермерлердің мүддесі бірінші кезекте ескеріледі. Бұл ауыл шаруашылығы айналымын кеңейтіп, мал шаруашылығын дамытуға серпін бермек.

Жаңалықтың бастысы – пайдаланылмай жатқан жерлерді бөлу толығымен цифрлық форматқа көшіріледі. Бұдан былай шешімдер электронды конкурс арқылы қабылданады. Жыл соңына дейін заңнамаға қажетті түзетулер енгізілмек. 2025 жылғы 26 тамыздан бастап конкурс өткізу ережелері жаңартылды. Енді іріктеу инвестиция көлеміне, техника мен малдың бар-жоғына, сондай-ақ білікті мамандармен қамтылуына қарай жүргізіледі. Жерді цифрландыру жұмыстары да аяқталуға жақын. 2024 жылы барлық ауыл шаруашылығы жерлері (шөлді аумақтарды қоспағанда) цифрландырылды. Қазіргі таңда 197,9 млн гектар жердің картасы ашық форматта қолжетімді. Бұл ел аумағының 72,6 пайызын құрайды. Толық жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Биылдың өзінде Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 2,1 млн гектарға 1381 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 1,5 млн гектарға қатысты 1013 заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берді. Қазіргі таңда 350,1 мың гектар жер игеріле бастады, 52,6 мың гектар бойынша мәжбүрлі түрде қайтарып алу үшін сот істері жүріп жатыр. Жалпы қайтарылуы тиіс 2 млн гектардың 1,55 млн гектары мемлекетке қайтарылды.

– Ауыл шаруашылығы жерлерін әділ бөлу – халық үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Жер комиссияларының араласуын болдырмай, үдерісті толықтай электронды әрі ашық ету қажет, – деді Серік Жұманғарин. 

Ол сондай-ақ жайылымдардың тозуымен күресудің, асыл тұқымды мал басын көбейтудің және ауыл маңындағы жайылымдарды қалпына келтірудің маңыздылығына тоқталды. Вице-премьердің айтуынша, бұл уақытты қажет етеді, сондықтан қайта егу жұмыстарын қазірден бастау қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу