Полиция кибергигиена ережелерін сақтауға кеңес береді
Киберқылмысқа қарсы күрес полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Азаматтарды цифрлық кеңістікте қорғау мақсатында полиция жүйелі түрде бірқатар шара қабылдап келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, дәстүрлі қылмыстардың басым бөлігі интернет кеңістігіне ауысып, алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болуда.
2025 жылы байланыс операторларымен бірлесіп, 19 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталды. Ал жүйе іске қосылған сәттен бері 85 миллионнан астам алаяқтық қоңырауға тосқауыл қойылған. Қылмыстық топ құру және басқару деректері бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды, оның бірі трансұлттық сипатқа ие.
Қабылданған техникалық шаралардың нәтижесінде 100 мыңнан астам SIM-карта тәркіленіп, қылмыскерлерден 88 SIM-box алынды. Сонымен қатар азаматтардың құқықтық, компьютерлік және қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Өткен жылы тәртіп сақшылары шетелде 7 call-орталықтың қызметін тоқтатты. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында 6 call-орталық жойылды.
ІІМ өкілдері азаматтарды алаяқтардың арбауына түспеу үшін кибергигиена ережелерін сақтауға шақырады. Атап айтқанда, жалған сілтемелерге өтпеу, банк карталарын бөгде адамдарға бермеу және жеке деректерді ешкімге жария етпеу қажет.