KZ
Өскемен
-14°
туман жел 1 м/с, З
526.81 542.72 5.16

Ішкі істер министрлігі жылды қорытындылады

Фото: Polisia.kz
Фото: Polisia.kz
Бүгін, 11:00 57 Төлеуғазы Жансая

Ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онда 2024 жылғы жұмыс нәтижесі талқыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Жиында аумақтық полиция бөліністерінің, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің және ведомстволық оқу орындарының басшылары қатысты.

– Мемлекет басшысы өзінің жақында берген сұхбатында Заң мен Тәртіп қағидатын жүзеге асыру қажеттігін тағы да атап өтті. Бұл әділетті Қазақстанның негізі болып табылады. Сонымен қатар маңызды және нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда: қылмыспен күрес, бандитизмнің алдын алу, қабылданған заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл. Бұл бағыттарды жүзеге асыру — біздің негізгі міндетіміз, — деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Өткен жылы қабылданған кешенді шаралардың арқасында елімізде қылмыс саны 12,5 мыңға, ал жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 8 мыңға азайған. Аса қауіпті қылмыстардың, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, мал ұрлығы, алаяқтық, қарақшылық және тонау қылмыстары төмендеген. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық бастамалар, заманауи цифрлық шешімдер, жастар арасында құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар, сондай-ақ ішкі істер органдарындағы кадрлық әлеуетті арттыру қылмыстардың алдын алуда маңызды рөл атқарды. Жасөспірімдермен, қоғамдық орындарда және қару қолдану арқылы жасалған қылмыстардың саны азайды. Сонымен қатар заманауи тергеу әдістерін енгізудің арқасында барлық қылмыс санаттары бойынша ашылу көрсеткіші жақсарды.

Айта кету керек, 2024 жыл министрдің бастамасымен «Кадрлық әлеуетті арттыру жылы» деп жарияланған болатын. Бұл маңызды қадам полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеруге және олардың жұмыс тиімділігін жақсартуға бағытталды. Былтырғы ауқымды шаралардың бірі орта буын басшыларының кезектен тыс аттестациясы болды. Министрліктің құрылымында есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті құрылды. 12 ай ішінде 7920 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 3430-ы қылмыс. Шамамен 22 тонна есірткі тәркіленді. 63 есірткі зертханасы жойылды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес – полиция жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі. Ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық етіп, оған қатысудың 45 фактісі анықталып, жолы кесілді, оның ішінде үшеуі трансұлттық болған. Соңғы жылдары киберқылмысқа қарсы күрес ерекше маңызға ие. Бұл мәселені шешу үшін ведомствода бейінді департамент ашылды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін іздестіріліп жүрген 1949 қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ 1361 жоғалған адамның мекенжайы анықталды. Жол қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл тақырып автокөліктер санының өсуі, қозғалыс тығыздығының артуы және инфрақұрылымды жақсарту қажеттілігі жағдайында өте маңызды.

Өткен жылы елімізде 30 мыңнан астам жол апаты тіркелген. Мұндағы олқылықтарды ескере отырып, тәртіп сақшыларына жол ұйымдарымен, жергілікті атқарушы органдармен бірге жол инфрақұрылымын жақсартып, қауіпсіздік деңгейін арттырып, өрескел құқық бұзушылармен кешенді жұмыс жүргізу және цифрлық шешімдердің мүмкіндіктерін пайдалану тапсырылды.

Өткен жылды қорытындылай отырып, министр әріптестеріне профилактикалық жұмыстарды күшейтуді және осы бағытқа қоғамды жұмылдыруды, жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың жолын кесіп, жергілікті жерлерде құқық тәртібін қамтамасыз етуді тапсырды.

— Бұл нәтижеге профилактикалық жұмысты басты назарға алудың арқасында жеткенімізді атап өткім келеді. Биыл осы істі белсенді түрде жалғастыру қажет. Ең бастысы – қылмыстардың алдын алу және олардың жасалуына ықпал ететін себептерді жою. 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялаймын. Ішкі істер органдарының аумақтық бөліністерінің басшыларына профилактикалық шараларды күшейту және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеймін. Заң мен Тәртіпті нығайту мақсатында біз қылмысқа қарсы күресті жалғастырып, заңды құрметтейтін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді түрде қорғауды қамтамасыз етеміз, – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу