Мектептер мен балабақшаларда балалардың қауіпсіздігіне қатысты талап күшейтілді

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрінің ақпараты бойынша, бүгінде Қазақстанда 7859 мектеп бар, онда 3,9 млн бала білім алады. Үшауысымды мектептер мен оқушы орнының жетіспеушілігін жою мақсатында биылғы жылы 302 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Осы тамыз айында жаңа оқу жылы басталғанға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алғашқы 20 нысан пайдалануға беріледі.
Балаларға жайлы орта қалыптастыру мақсатында 280 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жүргізілуде. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен нысандар қайта қалпына келтірілуде.
Сонымен қатар 1731 мектепке Starlink жерсеріктік интернеті қондырылды, ал шекара маңындағы 137 мектепте терминалдарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде.
Заманауи 1000 пәндік кабинетпен жарақтандыру, 1000 ауыл мектебін 7 бағыт бойынша жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
Атап өту керек, биылғы жылы робототехника, химия, биология, физика және STEM-зертхана бойынша 1383 кабинет сатып алу жоспарланған.