KZ
Өскемен
-1°
пасмурно Штиль
522.38 612.6 6.54

Скринигтен кімдер өте алады?

19.10.2025, 12:00 181 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін ауруларды ерте анықтауға бағытталған тегін профилактикалық медициналық тексерулер жалғасуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, скринингтік тексерулер – халық денсаулығын сақтауға және ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін профилактикалық шаралардың бірі.

Скринингтер келесі жастағы азаматтар үшін ұйымдастырылады:

18 жастан бастап – артериялық гипертония, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, глаукомаға тексеру;

30 жастан бастап – В және С вирустық гепатиттерге тексеру;

40 жастан бастап – онкологиялық ауруларға (еркектерде – қуықасты безі, әйелдерде – сүт безі мен жатыр мойны обырына) тексеру жүргізіледі.

Биылдан бастап скринингтен өту жасы 76 жасқа дейін ұзартылды. Бұл шешім қосымша 300 мыңнан астам азаматты қамтуға мүмкіндік берді

Сонымен қатар, онкологиялық ауруларға арналған скрининг тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. Осылайша, сақтандырылмаған тұрғындар да қатерлі ісіктерді ерте анықтау мүмкіндігіне ие болды.

Ал 2026 жылдан бастап қан айналымы жүйесі аурулары, қант диабеті және вирустық гепатиттерге арналған тексерулер де сақтандырылмаған азаматтарға қолжетімді болмақ.

Скринингтен өту үшін азаматтар тіркелген емханасындағы жалпы тәжірибе дәрігеріне немесе терапевтке жүгінуі қажет. Емханаларда скринингке арналған арнайы кестелер белгіленіп, алдын ала жазылу арқылы тексеруден өтуге болады.

Мамандардың айтуынша, скрининг – денсаулықты қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Ол түрлі ауруларды ерте кезеңінде анықтап, дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді.

Қосымша ақпарат алу үшін емханаңыздың тіркеу бөліміне немесе 1414 нөмірі арқылы бірыңғай call-орталыққа хабарласуға болады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу