Емханаларда скринингтер кеңейтіліп, дәрігерлерге кезек азайды
Соңғы бір жарым жылда Денсаулық сақтау министрлігі медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды және жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Негізгі мақсат – емханаларды халыққа барынша жақындату, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және қызмет сапасын көтеру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда ауруларды ерте анықтау бойынша скринингтік бағдарламалар едәуір кеңейтілді. Скринингке қатысушылар жасының шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұл қосымша 1 миллионға жуық азаматты қамтуға мүмкіндік берді. Жоғары сезімталдықтағы тестілер енгізілді – нәтижесінде созылмалы ауруларды ерте анықтау көрсеткіші 1,5-2 есеге артқан. Ми қан айналымының бұзылуын ерте анықтау мақсатында 50-76 жас аралығындағы ер адамдарға арналған жаңа скрининг түрі іске қосылды. Сонымен қатар онкологиялық скринингтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енді. Енді бұл қызмет сақтандырылмаған 300 мың азаматқа да тегін қолжетімді.
Емханалардағы пациент қабылдау жүйесі айтарлықтай жетілдірілді. Учаскелік дәрігерлердің жұмыс уақыты 8 сағатқа дейін ұзартылды, оның 6 сағаты тікелей пациенттерді қабылдауға арналады. Бұл дәрігерге жазылу кезегін едәуір қысқартты. Цифрлық технологиялардың енгізілуі арқасында жалпы практика дәрігерлеріне қолжетімділік 3,5 есеге, ал бейінді мамандарға 15 есеге артқан. Қағазбастылық азайып, дәрігерлердің науқасқа бөлетін уақыты көбейді. Сонымен бірге, дәрігердің кейбір функциялары мейіргерлерге беріліп, алғашқы медициналық көмектің қамтылу деңгейі 60%-дан 80%-ға дейін өсті.
МСАК жүйесінде еңбек ететін мамандарды ынталандыру шаралары да жаңартылды. Онкологиялық және туберкулез ауруларын ерте анықтағаны үшін 5 айлық есептік көрсеткішке дейінгі бонустар қарастырылған.
Ынталандырушы төлем көлемі 2 есеге артты. Сапалық көрсеткіштерге қол жеткізген медицина қызметкерлері тоқсанына 2 миллион теңгеге дейінгі сыйақы алады.
Бүгінге дейін МСАК жүйесін жаңғырту аясында 687 медициналық ұйымның басшылары мен мыңдаған мамандар білімін жетілдірді. Олардың қатарында 787 жалпы практика дәрігері, 978 мейіргер, 279 колледж оқытушысы және 697 жоғары оқу орнының ұстазы бар.
Соңғы жылдары Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтауға айрықша көңіл бөлуде. Нәтижесінде нәресте өлімі 15%-ға азайды, бастапқы мүгедектік 7,5%-ға төмендеді, үй жағдайындағы нәресте өлімі 22%-ға қысқарды.
Қазіргі кезде елімізде «Салауатты Ана» пансионаттары, жүкті әйелдерді бақылауға арналған 20 орталық және 100 ерте араласу орталығы ашылуда. Сондай-ақ емханаларда жаңа педиатриялық бөлімшелер жұмыс істей бастады.
Министрлік алдағы уақытта Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін пациентке бағдарланған, профилактикалық бағыттағы, және баршаға тең қолжетімді заманауи модельге айналдыруды мақсат етіп отыр.
Халыққа қолжетімді, тиімді және сапалы медициналық көмек жаңа реформаның басты нәтижесі болмақ.