ШҚО педагогтері үшін «Жасанды интеллект: педагог көмекшісі» атты тегін курс басталды
Шығыс Қазақстан облысында мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға бағытталған жаңа жоба бастау алды. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығы аймақ ұстаздарына арналған «Жасанды интеллект: педагог көмекшісі ретінде» атты тегін курс оқытуды қолға алды, деп хабарлайды Altainews.kz.
«AMANAT» партиясы мен «Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығы бірлесіп, педагогтерге арналған «Жасанды интеллект: педагог көмекшісі ретінде» атты тегін республикалық курсты ресми түрде іске қосты. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен білім беруді цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы тапсырмаларына аясында жүзеге аспақ.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, AI — мұғалімді алмастырушы емес, оның сенімді әрі тиімді көмекшісі болуы тиіс.
Бастаманың негізгі мақсаты — заманауи цифрлық құралдарды игерту арқылы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, сабақ беру мен бағалау сапасын жаңа деңгейге көтеру. Курстың бағдарламасына мынадай бағыттар енгізілген:
• сабақ жоспарлау мен оқу-әдістемелік материалдар әзірлеуде жасанды интеллектіні қолдану;
• автоматтандырылған тест жиындықтары мен бағалау жүйелерін жасау;
• оқушы рефлексиясы мен оқу нәтижелерін талдау құралдарын пайдалану;
• практикалық тренингтер мен мастер-кластар өткізу.
Алғашқы кезеңде еліміз бойынша 300 мыңнан астам педагогті қамту жоспарланып отыр.
Инновацияларды білім беру жүйесіне енгізуде алдыңғы қатарда келе жатқан ШҚО бұл жобаға белсенді қосылды. Облыстың әдістемелік орталықтары мен білім бөлімдері ұстаздарды топтастыру, оқу үдерісін ұйымдастыру және сапа бақылауын үйлестіреді.
Курс онлайн-модульдер мен практикалық тренингтер форматында өтеді. Тіркеу, қатысу тәртібі және нақты басталу мерзімі туралы ақпарат облыстық білім басқармасы мен орталықтың ресми арналары арқылы жарияланады.
Жобаның ерекше артықшылықтарының бірі — үздік қатысушыларға арналған ынталандыру. Курсты үздік аяқтаған педагогтер офлайн хакатондарға шақырылып, ең үздік 20 мұғалім Оңтүстік Кореяда кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады. Орталық Шығыс Қазақстан педагогтерімен бірлесе отырып, білім беруді цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу ісін әрі қарай да жүйелі түрде жалғастыруға ниетті.


