Үкімет интернет-дүкендерді арнайы тіркеуге алуы мүмкін
Үкімет интернет дүкендерді арнайы тіркеуден өткізуі мүмкін. Мұны «Нарық.кз» хабарлады.
Сайттың мәліметінше, әзірленіп жатқан жаңа заң жобасында осындай ұсыныс бар. 2019 жылы елімізде электронды нарықтың көлемі 700 млрд теңгеден сәл ғана асса, былтыр аталған нарықтағы айналым 1 триллион теңгеден асып кеткен. Интернет арқылы сатып алушылар саны да 2019 жылмен салыстырғанда 20 процентке ұлғайған.
Бүгінде нарықта 650-ге жуық интернет-дүкен жұмыс істейді. Алайда электронды сауданың кемшіліктері де жоқ емес. Тұтынушылар интернет арқылы тауарларды алған кезде түрлі алаяқтарға тап болады. Мәселен, Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне былтыр жұрттан онлайн-дүкендердің әрекетіне қатысты 689 шағым түскен. Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша азаматтарға 13 миллион 200 мың теңге қайтарылыпты. Ал биыл жыл басынан бері 265 шағым түскен. Міне осы орайда интернет саудадағы алаяқтықты тоқтату үшін электронды сауда-саттықтың неғұрлым нақты тәртібі әзірленбек. Сондықтан сала мамандары «заң жобасына «тауарларды қашықтан сату тәсілін» міндетті түрде енгізуді көздеп отыр.