ШҚО-да Қорғаныс министрлігі гарнизонының лауазымды тұлғалары сотталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті пара алған Семей гарнизоны эксплуатация бөлімінің бастығы мен оның орынбасарына қатысты қылмыстық істі аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алдын ала сөз байласқан олар кәсіпкер мен ҚР Қорғаныс министрлігі «Әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету бас басқармасы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының келісімшарты аясында 57,4 млн теңге сомасына болат сым жеткізудің орындалған жұмыстар актілеріне қол қою үшін 1,8 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке іліккен болатын», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Семей гарнизоны Әскери сотының үкімімен бөлім бастығы 9 жылға, ал оның орынбасары 7 жылға түрмеге қамалды. Сондай-ақ айыпталушылар мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.