Жарылыстан зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі – ШҚО
Сурет: ШҚО әкімінің instagram парақшасынан
Шемонаиха ауданында болған жағдайдан зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Газ баллондарын құю станциясында болған жарылыстан, өкінішке қарай, 4 адам зардап шекті. Олар шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, барлық қажетті көмек көрсетілуде. Сондай-ақ аудандық ауруханаға облыстың бас дәрігері Гүлмира Сагидуллина да барды. Төтенше жағдай орнына ШҚО жол полициясының бастығы мен тергеушілері, менің орынбасарым Дархан Сапанов және Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов барды. Зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Өңірдегі ұқсас объектілерде осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін біз жүргізілген нәтижелер туралы міндетті түрде хабарлаймыз, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы құзыретті органдар өрттің себебін анықтап жатқанын атап өтті.
Айта кетсек, жарылыс 22 маусым күні Шемонаиха қаласында Украинская көшесіндегі газ баллондарын толтыру станциясында болған.