«SHYGYS AIBYN–2025» облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті
Жаңа Ахмер кентінде орналасқан Халық қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған «SHYGYS AIBYN – 2025» атты облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биылғы жиынның ерекшелігі – оның дәл осы әскери бөлімге Қасым Қайсеновтің есімі берілген күнмен тұспа-тұс келуі. Осыған орай, шараның ашылу салтанатына ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, облыс әкімінің атынан қатысушыларды құттықтап, командаларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ батырдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, майдангерлер рухына тағзым етілді.
Жиында батырдың немересі Бағлан Райымханов пен ҚР Қарулы күштерінің ардагері Дәулетхан Қасенов жастарға рухты сөз арнап, әскери борыштың маңыздылығын атап өтті.
Жиынға облыстың әр түкпірінен келген әскери-патриоттық клубтар қатысты. Атап айтқанда: Риддерлік «Сұңқар», Зайсаннан «Жас қыран», Алтайлық «Сұңқар», Катонқарағайлық «Қалқан», Глубокое ауданының «Жас сарбаз», Шемонаихадан «Патриот», Тарбағатайлық «Арлан», Самар ауданынан «Қыран», Марқакөлден «Жас сарбаз», Ұлан ауданынан «Айбын», Күршім ауданынан «Қыран», Үлкен Нарынның «Атамекен» командалары.
Дәстүрлі жиын ШҚО әкімдігінің ұйымдастыруымен, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, 27943 әскери бөлім басшылығы және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыстық филиалының қолдауымен өтті.
Жарыс аясында қатысушылар арасында әскери-спорттық, зияткерлік және шығармашылық бағыттар бойынша сайыстар өтті. Қару жинау, әскери-қолданбалы спорт түрлері, арқан тарту және эстафета секілді жарыстарда жастар шеберліктерін көрсетті.
Арайлым Нығметоллақызы
Фото/Видео: Ермек Жиенбеков