«Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептердің жартысына жуығы ауылдарда салынып жатыр

altainews.kz
Қазақстанда заманауи, қауіпсіз және қолжетімді білім беру ортасын құруды көздейтін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы белсенді жүзеге асуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін 206 мың оқушыға арналған 112 мектеп пайдалануға беріледі. Оның ішінде 45 пайызға жуығы ауылдық елді мекендерде салынады. Айта кету керек, 2024 жылы жаңа форматтағы 105 мектеп ашылып, оқушыларға есігін айқара ашты.
Ұлттық жобаның мақсаты – балалардың тұрғылықты мекеніне қарамастан, сапалы және заманауи талаптарға сай тегін білімге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл бастама мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартумен қатар, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді.
Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елімізде 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектептің құрылысы жоспарланған.