ШҚО: Пушкин кітапханасында «Туған жерін ұлықтаған» атты әдеби кеш өтті
Бүгін Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында тағылымды әдеби кездесу ұйымдастырылды. «Туған жерін ұлықтаған» деп аталған бұл шарада Шығыс Қазақстан техникалық университетінің оқытушысы, өлкетанушы, қоғам белсендісі Алпамыс Тоқсанбайдың еңбектері оқырман қауымға кеңінен таныстырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесу барысында "Катонқарағай балуандары», «Үлкен Нарын балуандары», «Катонқарағай автобус жүргізушілері», «Автобусники Большенарымского АТП» (орыс тілінде) кітаптары таныстырылды.
Алпамыс Айтқазыұлы 1971 жылы Катонқарағай ауданының Өрел ауылында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аспирантурада оқыған. Бүгінде өңірдің қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып жүрген ұстаз, өлкетанушы, тіл жанашыры.
Кездесуде автордың кітаптарына арқау болған еңбек адамдарының тағдыры, спорт саласында елеулі жетістіктерге жеткен жерлестердің өмір жолы туралы мазмұнды әңгімелер өрбіді. Жинақтарға 80-ге жуық балуан мен 40-тан астам автобус жүргізушісінің өмірбаяны мен кәсіби жолындағы естеліктер енген.
Кешке кітап кейіпкерлері мен олардың ұрпақтары, өңір спортшылары мен еңбек ардагерлері, студенттер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара барысында автор шәкірттері орындаған халық күйлері мен композитор Маржангүл Маниярованың орындауындағы әндер кеш көркін аша түсті.
Кездесу соңында Алпамыс Айтқазыұлы оқырмандармен ашық сұхбат құрып, жас буынға жүрекжарды тілегін білдірді.