KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
513.55 602.09 6.42

ШҚО-да арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау басталды

ШҚО ӨКҚ

25.04.2025, 16:00 314 Ержан Әбіш

Биылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар міндетті түрде лицензияланатын болды. Бұл жаңашылдық Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғыртуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысында аталған өзгерістердің жүзеге асырылу барысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанова баяндады.

– Лицензиялау талаптары меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарға ортақ. Қазіргі кезде ШҚО бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 36 ұйым жұмыс істейді, олардың 9-ы – үкіметтік емес, ал 27-сі – мемлекеттік мекемелер. Бұл орталықтар әртүрлі әлеуметтік топтарға: қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларға және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетеді, – деді Динара Қожанова.

  

2024 жылдың өзінде тек аумақтық орталықтар арқылы 5800-ден астам адам қызмет алған. Олардың ішінде 418-і – ерекше қажеттілігі бар балалар.

Өңірде әлеуметтік қызмет көрсету процесін цифрландыру бағытындағы жұмыстар 2024 жылдың қазан айынан бастап пилоттық режимде «Socium» платформасы арқылы жүргізілуде. Ал лицензия алуға өтінімдер Aleumet.egov.kz порталы арқылы қабылданады. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 27 ұйым лицензия алып үлгерген.

Бұрын қолданылып келген жалпы тарифтер жүйесінің орнына енді жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі енгізілуде. Бұл ретте арнайы әдістеме әзірленіп, қызмет көрсету сапасын бақылау жүйесі жасалды. Қазіргі кезде орталықтар осы жаңа жүйеге бейімделу кезеңінен өтуде.

Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, бюджет қаражатының жұмсалуын ашық етуге және қолдауды азаматтардың нақты қажеттіліктеріне сай көрсетуге жол ашады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу