Қарттар күні Өскемендегі «Қамқор» жеке меншік әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатқан қарттарды мерекемен құттықтап барған Қасым Қайсенов атындағы 27 943 әскери бөлімінің қызметкерлері қарияларға арнап ән айтып, өлең оқып, би билеп, құрмет көрсетіп, мерекелік тамаша көңіл -күй сыйлады, деп хабарлайды Altainews kz. сайтының тілшісі.
Орталық мамандарының айтқанындай бұл жерде мұндай мерекелік іс шаралар жиі, ай сайын дерлік ұйымдастырылып отырады.
- Қарттарымызды мерекемен құттықтап келіп жатқан Қасым Қайсенов атындағы 27 943 әскери бөлімінің қызметкерлеріне, «Злато» ансамбліне, қаладағы басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне алғысымызды айтамыз. Біздің орталық 50-60 адамға арналған. Бәрі де өздігінен жүріп, тұра алатын, өздеріне қарай алатын адамдар. Біздің апа, аталарымыз бір бөлмеде бірден немесе екіден ғана тұрады. Біз орталықты ашқанда оның әр бөлмесін, ас бөлмесін, демалыс бөлмелерін бәрін де үйге, үй жағдайына ұқсайтындай етіп жасадық. Үйді айырбастай алмасақ та әр бұрышын өз шаңырақтарына ұқсас етуге тырысып бақтық. Бүгін мереке күні қарттарға сыйлық ретінде орталыққа таза су аппаратын орнаттық. Қариялардың ішінде уақытша тұрып жатқандары да көп. Біреулерін балалары іссапармен немесе қыдырып өзге елге, өзге қалаға кеткенде әкеліп, орналастырып кетіп жатады. Үнемі осы жерде тұрып жатқандары да бар. Қай-қайсына да қамқорлық көрсетіп, уақыттарын мәнді өткізуіне тиісті жағдайлар жасалынған, бес уақыт тамақтары беріледі,-дейді орталықтың басшысы Ғалия Мойкеқызы.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы төрт жыл бұрын бұрыңғы жатақхананың ғимаратынан ашылған екен. Жөнделіп, әрленген.
- Біз Қасым Қайсенов атындағы 27 943 әскери бөлімінен қарттарымызды құттықтап келіп тұрмыз. Әскери бөлім қызметшілері жетім балалар үйіне, қарттар үйіне жиі жиі барып, мерекелермен құттықтап тұруды дәстүрге айналдырып келеді. Осы жолы «Қамқор» жеке меншік әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы ата, апаларға тәтті тағамдарымызды, сыйлықтарымызды да ала келдік,-дейді 27 943 әскери бөлімінің қызметкері Самал Есперова.
Қариялар өздеріне уақыттарын арнап келген әскерилерге қошемет көрсетіп, ақ тілектерін айтып, алғыстарын білдірді.