KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
512.83 600.58 6.36

Қазақстан экономикасындағы теңсіздіктерді жою үшін нақты жоспар бар

Кеше, 09:45 150 Базарова Айгүл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» басылымына берген сұхбатында Қазақстан экономикасының құрылымы өзгеріп жатқанын, алайда бұл үдерістің қарқыны жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды Altainews.kz.

Президенттің айтуынша, халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктері Қазақстанды бақуатты, тіпті бай мемлекет ретінде бағалайды. Мемлекет басшысы бұл пікірмен белгілі бір деңгейде келісетінін атап өтті.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасында теңсіздіктердің әлі де сақталып отырғанына назар аударды. Оның айтуынша, бұл мәселелерді жасыруға болмайды және оларды шұғыл түрде реттеп, жүйелі жолға салу қажет.

Президент мұндай қиындықтар көптеген елдің даму жолында кездесетінін атап өтіп, Қазақстанның «өсім ауруы» кезеңінен өтетінін жеткізді. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл түйткілді шешуге бағытталған нақты жоспар бар және ол кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық реформаларды жүзеге асыру барысында азаматтардың әл-ауқатына кері әсер етпеу – Үкіметтің басты міндеті екенін атап өтті. Президент қоғамда тауар бағасы мен қызмет тарифінің өсуіне қатысты алаңдаушылық бар екенін жасырмады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемдік тәжірибеде ауқымды реформалар көбіне бастапқы кезеңде қоғам тарапынан толық түсіністік таппайды. Мұндай жағдайда барлық саяси жауапкершілікті өз мойнына ала алатын көшбасшының рөлі шешуші мәнге ие.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін реформаларды кейінге қалдыруға балама жоқ екенін баса айтты. Ел дамуы үшін түбегейлі өзгерістер қажет, ал оларды жүзеге асыру – күрделі әрі кедергісі көп үдеріс.

Азаматтарға қосымша салмақ түсірмеу мақсатында қыс мезгілінде коммуналдық тарифтерді көтеру әкімшілік тәсілдер арқылы уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар Үкіметке бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану, қатаң қаржылық тәртіпті сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Президент экономикаға орынсыз қаржы құю инфляцияны күшейтетінін ескертіп, мемлекеттік ресурстар тек басым бағыттарға жұмсалуы тиіс екенін айтты.

Былтыр қараша айында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, инфляцияны төмендетуге және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған үш жылдық бағдарлама қабылдады.

Президент Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» тап болғаны туралы халықаралық сарапшылардың пікіріне тоқталды. Оның айтуынша, бұл – экономикалық теория ғана емес, көптеген азаматтың күнделікті өмірінде сезіліп отырған нақты жағдай. Табыс тапқанымен, инфляция, ипотекалық төлемдер, білім мен медицина шығындары қаржылық тұрақтылықты әлсіретіп отыр.

Мемлекет басшысы зейнетақы жинағын пайдалану тетігіне қатысты қабылданған шешімдерге де тоқталды. Алаяқтық әрекеттердің салдарынан кейбір медициналық қызмет түрлеріне шектеу енгізілгені атап өтілді.

Бизнес саласына қатысты Президент кәсіпкерлердің ел экономикасындағы рөлін жоғары бағалады. Сонымен қатар жоғары несие мөлшерлемелері мен айналым қаражатының тапшылығы бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырғанын мойындады. Бұл мәселелерді шешу алдағы реформалардың маңызды бағыты болмақ.


Фото: Ақорда

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу