KZ
Өскемен
-30°
пасмурно жел 1 м/с, С
509.75 594.67 6.46

Президент: «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты»

5.01.2026, 09:20 526 Базарова Айгүл

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында 2025 жылдың қорытындысын шығарып, елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа сапалық кезеңге өткенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – әділ, заң үстемдігіне негізделген және ұзақ мерзімді өсімге қабілетті мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6 пайыздан астам өсіп, ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард АҚШ долларына жеткен. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың доллардан асты. Бұл көрсеткіштер еліміз үшін ғана емес, тұтас өңір аясында да рекорд саналады.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы инфляция деңгейінің жоғары болуы азаматтардың әл-ауқатына кері әсер етіп отырғанын жасырмай айтты. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдерге әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инфляцияны төмендету және бюджеттік тәртіпті күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктелген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның реформалар жолынан қайтпайтынын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда өскелең ұрпақтың болашағы үшін түбегейлі өзгерістер қажет екені жөнінде берік түсінік қалыптасқан. Әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық қағидаттары ел дамуының негізгі тірегіне айналуға тиіс.

Президент, сондай-ақ дәстүрлі баспасөздің рөліне тоқталып, газет-журналдардың терең ой мен сапалы сараптама ұсынудағы маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, оқу мәдениеті жоғары қоғам ғана жаһандық бәсекеде алдыңғы қатарда бола алады.

Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне қатысты пікірталастарға тоқталып, салық реформасының басты мақсаты бюджет кірісін арттыру емес, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету екенін мәлімдеді. 

Салық кодексі қоғамда алаңдаушылық туғызғанымен, дүрбелеңге негіз жоқ. Салық реформасы – көптеген мемлекеттер бастан өткеріп жатқан заңды үдеріс. Қазақстандағы өзгерістер бақылауды күшейтуге емес, мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы өзара сенім мен серіктестікке негізделмек.

Мемлекет басшысы қосымша құн салығының мөлшеріне де арнайы тоқталды. Бұрын ҚҚС-ты 20 пайызға дейін көтеру ұсынылғанымен, Президент Үкіметке оның шекті деңгейін төмендету туралы тапсырма берген. Бұл қадам азаматтардың тұрмыс деңгейіне теріс әсер етпеуге бағытталған.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтік саясатқа қатысты ұстанымын да ашық айтты. Оның пікірінше, энергетика және коммуналдық сектордағы төмен тарифтер шын мәнінде әлеуметтік әлсіз топтарға емес, ірі тұтынушылар мен делдалдарға тиімді болып келген. Сондықтан «кім қанша тұтынса, сонша төлейді» қағидатына негізделген әділ тариф жүйесіне көшу – уақыт талабы.

Президент әлеуметтік әділдік қағидатын сақтау үшін мемлекет нақты мұқтаж азаматтарға ғана атаулы қолдау көрсетуі тиіс екенін атап өтті. Тарифтерді саралау, ресурстарды үнемдеу және инфрақұрылымды жаңғырту экономиканың сапалы өсуіне жол ашады.

Мемлекет басшысы реформалар қысқа мерзімде қиындық туғызуы мүмкін екенін мойындай отырып, Қазақстан үшін басқа балама жол жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, реформалар елдің болашағы үшін жауапкершілікпен және табандылықпен жүзеге асырылады.


Фото: Ақорда

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу