Өскеменде көліктер батпаққа батып, жүргізушілерді әбігерге салған
Шартты сурет
Алматы тас жолынан Меновное ауылының қиылысына дейінгі жол учаскесінде өткен жылы жөндеу жұмыстары басталып, мердігер асфальт төсенішін алып тастаған болатын. Алайда, күн күрт жылынып, жауын-шашын жауғандықтан аталмыш жолда көліктер батып, жүргізушілерді әбігерге салған.
Тіпті ауыр жүк көліктері де саз балшықтан өте алмай, жүргізушілер эвакуатор шақыруға мәжбүр болыпты, бірақ арнайы техниканың өзі де жолдан әрең өткен көрінеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бүгін мердігер барлық жер учаскелерін қалпына келтірген.
Айта кету керек, жолдың бұл бөлігі 1 шілдеге дейін аяқталуы керек. Мұнда жолды төрт жолаққа дейін кеңейту, тротуарларды жабдықтау және көше жарығын орнату жоспарланған. Ал, асфальттау жұмыстары барлық негізгі қабаттарды төсегеннен кейін басталады.