KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
516.93 542.52 4.98

"Ақша бөлінген" Ахмер жақтағы жолдың аяқталар түрі жоқ

13.08.2020, 09:31 204

Өскемендегі Понтон көпірінен Меновное ауылына дейінгі көлік жолы ақыр-аяғы жөнделетін болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Ертіс өзенінен Меновное ауылына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталған болатын. Кейінірек қала билігі жолды жөндеп қана қоймай, кеңейтіп, нығайтуды ұйғарды. Бірақ жоспарланған жұмыстар бір жыл бойы тоқтап тұрды. Бір жыл бойы тұрғындар ойлы-қырлы қара жолмен жүріп, көлік тоздыруға мәжбүр болды. Тек осы жазда ғана жол жөндеушілер қайта төбе көрсете бастағандай. Қала әкімі Жақсылық Омар арнайы барып, мердігер-фирманың өкілдерімен жүздесті.

– Бұл жерде ұйымдастыру жұмыстары ақсап тұрғаны анық. Жөндеудің жыл бойына созылуына сол ғана себеп. «ЭлитЭнергоСтрой» атты алматылық компанияның не жұмысшысы, не техникасы жоқ. Менің мұнда келе жатқанымды ести сала, көшеден екі-үш сағатқа техника жалдап, үздіксіз жұмыс істеп жатқан сыңай танытады. Кәдімгі спектакль. Байқамайды деп ойлайды. Бірақ мен қаламыздың барлық жұмыс техникасын дерлік жазбай танимын. Бұл техниканың иелері, яғни жергілікті фирмалар неше мәрте шақырту алса да, уақыт тауып келе алмаған болатын. Енді не болмақ? Енді жаңбырдан соң жаңбыр жауа бастайды. Содан асфальт төселмеген жолды қайта қар басады. Қала тұрғындары тағы да жапа шеге ме? – дейді тығырыққа тірелген шаһар басшысы.

Жоба жетекшісі Евгений Проневич бұл келеңсіздікті былай деп түсіндіреді:

«Фирманың қаржылық жағдайды мәз емес. Сол себепті біз алдын ала төлемсіз жұмыс істейміз. Оның үстіне бордюр қоятын 3 бригада және механизаторлардың бір бригадсы коронавирус жұқтырып, емделуге кеткен, сол бойы келмеді. Бірақ қазіргі уақытта біз қажет қаражатты таптық. Өз 200 миллион теңгемізді салып, жұмысты қайта жандандырдық. Бір апта ішінде жолдың қалған 300 метр бөлігіне бір қабат асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз».

Ал Жақсылық Омар мұнымен келіспейді.

– Қаржы жағынан ешқандай қиындық жоқ. Ақша бөлінген. Орындалған жұмыстың актісін кез-келген уақытта өтеуге дайынбыз. Бірақ ондай жұмысты көріп тұрғын жоқпыз, – дейді қала әкімі.

Шаһар басшысы ТҮКШ бөлімі жауапсыз мердігерлерді сотқа беретінін, ал әкімдік жұмысты қатаң бақылауға алатынын айтты.

Жолдың ұзындығы – 2 657 метр, әр бағытта екі жолаққа дейін кеңейтіледі, сондай-ақ екі жағынан бір жарым метрлік тротуар салынады. Көгалдар отырғызылған. 4 аялдаманың орнына 6 аялдама павильоны, 356 шам орнатылған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу