Өскемендіктер Отан қорғаушылар күнін мерекелеп жатыр
Фото: Тілеубек Шаяхмет
Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары бүгін таңертеңнен бері Өскеменде осы күнге арналған мерекелік іс-шаралардың куәгері болуда.
Облыстық Халифа Алтай мешітіне іргелес қоныс алған Сол жағалау кешеніне кіреберіс алаңға жаяу әскердің бірнеше танктері мен жауынгерлік машиналары сап түзеп, келушілер бүгінгі бейбіт күнді бізге сыйлаған алып техникалардың қасында туыстарымен, балаларымен бірге суретке түсу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Сол жағалау кешенінің орталықтағы басты сахнасында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Бұдан соң қала басшысы салтанатты шарада ерен еңбегімен еленген бірқатар әскери қызметшілерді, полиция, ТЖ саласы қызметкерлерін, белсенді студенттерді медальдармен, алғыс хаттармен және грамоталармен марапаттады.
Мерекелік концертке қаланың шығармашылық ұжымдары, ШҚО ПД хоры, 5518 және 27943 әскери бөлімдерінің оркестрі мен әртістері қатысты. Сондай-ақ әскери және мамандандырылған қызметтердің көрсетілімі және әскери киім-кешек пен қару-жарақ көрмесі этнопаркке жиналған барша жұртшылықтың назарына ұсынылды.
Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шаралар қаланың барлық ауданында күні бойы жалғасып жатыр.