14 маусым күні Өскемен қаласының “Металлург-6” саяжай бірлестігінде спорт алаңы ашылды.
Алаң шағын аудандарды дамытуға арналған бағдарламаның аясында салынған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Қаламызда шағын аудандарды дамыту бағдарламасы қабылданған еді. Бұл шағын аудандар дегеніміз – қаланы қоршай орналасқан шеткері аудандар. Шеткері аудандарда тұратын тұрғындардың көптеген өтініші болған. “Қаланың орталығында жағдай жасалады, бізде жағдай жоқ? Неге балалар ойнайтын аулалар жоқ? Неге бізде спортпен шұғылданатын алаңдар жоқ?”деген сұрақтар жиі қойылғаннан кейін шеткері аудандарды дамыту бағдарламасын қолға алдық. Сол бағдарламаға сәйкес көптеген жұмыстар атқарып келеміз. Соның бір көрінісі – бүгінгі футбол алаңы. Саяжай бірлестігінде осындай жұмыстарды атқаруға себеп іздедік, өйткені бұл жекеменшік бірлестік қой. Бірақ халықтың өтінішін ескере отырып осы қадамға баруды ұйғардық. Осындай жұмыстарды басқа аудандарда да орындап келеміз. Сол бағдарламаның шеңберінде істелген шаруаның бір парасы – осы. Жұмыс бас-аяғы бір айдың ішінде істелді, – дейді қала әкімі.
Әкім алаң барлық стандартқа сәйкес жабдықталғанын мәлімдеді. Алаңға төселген беткі жабын мен негізгі бөлігі талапқа сай дейді әкім. Футбол алаңында күннен қуат алатын жарық шамдар да орнатылған көрінеді. Жақсылық Омар енді алаң тұрғындардың жауапкершілігінде екенін де атап өтті.
– Енді алаңды осы саяжай бірлестігінің белсенді азаматтарына тапсырамыз. Өйткені бас-көз болып, қарайлап жүрмесе, ертең тез тозып кетеді. Қарайтын адамды бекітіп, кесте жасап, сол арқылы балаларды спортқа баулиды. Енді балалар бос уақытын тиімді өткізетін жер пайда болды, – дейді Жақсылық Омар.
Әкім балаларға табыс тілеп, доп сыйлап, естелік суретке түсті.
Биыл Көкжал Барақ көшесі 7/1, 7/2 мекенжайында баскетбол және волейболға арналған бір алаң, Самсоновка кентінде футбол алаңын орнату жоспарланған.