Өскеменде 19 жастағы азаматтың сөмкесінен психотроптық заттар табылды

Фото: ШҚО ПД ресми парақшасынан алынды
Өскемен қаласында есірткі қойып кетумен айналысты деген күдікпен 19 жастағы азамат ұсталды.
ШҚО ПД ұсынған дерекке сәйкес, күдіктіні 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұрған көрінеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында облыс орталығындағы көшелердің бірінде 19 жастағы азаматты ұстаған.
Жігітті тінту кезінде полицейлер салмағы 18,94 грамм "Мефедрон" және 4,62 грамм "a-RVP" психотроптық заттарын тауып, тәркіледі. Есірткінің жалпы салмағы 23,56 грамм болды. ШҚО ПД дерегінше, ұсталған азамат тыйым салынған заттарды одан әрі сату мақсатында сақтағанын айтқан.
Қазіргі уақытта ер адам сот санкциясы бойынша қамауға алынды.
Оған қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жыл басынан бері ШҚО полицейлері 275 келі түрлі есірткі заттарын, оның ішінде 5 келіден астам синтетикалық заттарды тәркілеген.