KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 5 м/с, В
480.55 533.75 5.36

Өскеменде Бошай тұрған үйге мемориал тақта қойылды

Фото: Аяужан Утеулинова
Фото: Аяужан Утеулинова
18.11.2023, 15:00 279 Қызырбек Дүргінбайұлы

Аңыз даланың абызы болған Бошай Кітапбайұлының туғанына биыл 100 жыл толды. Еңбек ері, ел абызы Бошай атамыздың мерейтойына орай жыл басынан бері игілікті іс-шаралар өтіп келеді.

Өскемен қаласында дара тұлғаны ұрпаққа дәріптеу мақсатында Бошай Кітапбайұлы тұрған үйдің қабырғасына мемориал тақта орнатылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.


- Бошай атамыз туралы көп айтып, ұзақ сөйлеуге болады. Бұл кісі Алтайдың аңыз адамына айналған тұлға. Бошай Кітапбайұлы  екінші дүниежүзілік соғысқа небәрі 18 жасында аттанған. Қиындыққа мойымай, келе сала еңбекке араласады. Осылайша, жарты ғасырдан аса еліміздің, туған жері Алтайының  әлеуметтік-экономикалық жағдайын өркендету жолында ерен қызмет еткен Социалистік Еңбек Ері. Жүрегі «ұлтым» деп соққан Бошай Кітапбайұлы ұмытылып бара жатқан дәстүрлі  атбегілік өнерімізді  жаңғыртып, ұлттық ат спортымызды дамытуға да орасан зор үлес қосты. Халқына тынбай қызмет етіп, ұрпақтың бүгіні мен болашағы үшін ұлағатты мұра қалдырған Бошай Кітапбайұлының ғибратты ғұмыры ұрпаққа ұлағат, ұлтқа өнеге болмақ, - деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.


Сонымен қатар алдағы күндері қала ішіндегі Энтузиастов көшесіне Бошай Кітапбайұлының аты берілетіндігін де қала әкімі жұртшылыққа жеткізді. Мемориал тақтаның ашылу салтанатына зиялы қауым, билік өкілдері және туыс-туғандары қатысты. 


- Алтайдың аңыз адамы туралы айтар сөз көп. Бошай ағамыз өмірден өткенде ауладан мәңгілікке шығарып салған едік. Билікте ауыс-түйіс болып жатқан шақта қоштасу рәсімі де дұрыс жерде өтпей қалған болатын. Бүгінгі іс-шара сол бір  олқылықтың орнын толтырмаса да Бошай ағамыздың аруағының алдында өтелген парыздардың бірі болды деп ойлаймын. Біз Бошайдың даңқты ғұмырын әлі де ұрпаққа дәріптей беруіміз қажет. Мен Катонқарағай ауданындағы Жаңа үлгі ауылына Бошай Кітапбайұлының атын беруді ұсынар едім. Бұл ауыл - ол кісінің кіндік қаны тамған жері, - деді ҚР Жазушылар Одағы ШҚО филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев.


Осылайша жиналған жұрт Социалистік Еңбек ері Бошай Кітапбайұлы тұрған үйге мемориалды тақта орнатып, дара тұлғаның нақыл сөзін қабырға тасқа қашап қайтты. Ескі жылдардың естеліктерін айтып, даңқын аспандатты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив