Ертіс көпірінің астындағы айналма жолдың құрылысы басталады - Өскемен
Өскеменде қала ішінде кептеліс болдырмау үшін айналма жолдар салынып жатыр.
Ертіс көпірінің астында айналма жолдың құрылысы басталады. Бұл туралы қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Ертіс көпірі астындағы айналма жолдың қайта жаңартылуы Ертіс көпірінде, сондай-ақ Славский атындағы жағалауда, Жеңіс даңғылында, Қазақстан және Пермитин көшелеріндегі қозғалысты оңтайландыруға мүмкіндік туғызады.
Қыс айларында айналма жолдың топырақ қабаты дайындалады. Бұл жол енді бұрынғыдай көктем мен күзде суға батпайтындай деңгейде салынбақ.
Бұдан бөлек, Жеңіс даңғылынан шығатын қосымша жолақ салыну жоспарланған. Ал Желтоқсан көшесі төрт жолақты болады. Сондай-ақ екі жерде бағдаршам орнатылады.
Осылайша қала ішіндегі кептелісті азайту мәселесі шешімін таппақ.