Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері қанша
Еліміздегі зейнеткерлердің саны – 2 млн 292 мың адам.
2023 жылғы қаңтарда республикалық бюджеттен 549,3 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы – 168,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 380,6 млрд теңге, деп хабарлайды Altaynews Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 292 мың адам.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді. Ал егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.