Автожолдағы қауіпсіздік: «Sapar» мобильді қосымшасы әзірленді

Қазақстанда «Sapar» мобильді қосымшасы PlayMarket және AppStore-да жүктеуге қол жетімді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп республикалық маңызы бар автожолдардағы қауіпсіздікті арттыру және кері байланысты жақсарту мақсатында «Sapar» мобильді қосымшасын әзірледі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қазіргі уақытта қосымшаны PlayMarket және AppStore-да жүктей аласыздар.
Аталмыш мобильді қосымшада навигациясы бар маршрутты салу функционалы қолжетімді, автожолдардың ағымдағы жай-күйі, трассалардың ашылуы/жабылуы, айналма жолдар, жөндеу жұмыстары, метеожағдайлар туралы өзекті ақпарат бар. Сондай-ақ республикалық жолдардың бойында орналасқан жол бойындағы сервис объектілері туралы барлық өзекті ақпарат жинақталған. Одан бөлек, ақылы жол учаскелері бойынша жол жүру теңгерімін толықтыруға да болады.
ҚазАвтоЖолдың колл-орталығын жылдам теру функциялары, сондай-ақ байланыс орталығына ЖКО, жолдардың авариялық учаскесі, қозғалыс кезіндегі кедергі туралы мәтін, фото және видео түрінде хабарлау мүмкіндігі көзделген.