Қазақстанда фармацевтикалық субстанциялар міндетті тіркеу тізіміне қосылмаған
Фото: Шартты сурет
Фармацевтикалық субстанция (белсенді фармацевтикалық субстанция) – дәрілік препараттарды өндіруге және дайындауға арналған дәрілік зат.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі кейбір дәрі-дәрмектердің, жақпа мен ерітінділердің қымбаттауы туралы БАҚ-тағы жарияланымдарға қатысты хабарлама жариялады. Хабарлама фармацевтикалық субстанцияларды тіркеу мен сертификаттаудың жаңа талаптарына байланысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Министрлік мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта елде тиісті өндірістік практика (GMP) жағдайында өндірілген субстанциялар міндетті тіркеу рәсіміне жатпайды.
Ұсыныстарды ескере отырып, ереже бұйрығының жобасы жаңа редакцияда өзгертілді, атап айтқанда, фармацевтикалық субстанцияларды міндетті тіркеу қажеттілігі туралы тармақ алынып тасталды. Осылайша, Қазақстан аумағындағы тиісті өндірістік практика (GMP) жағдайында өндірілген фармацевтикалық субстанциялар әлі де міндетті тіркеуге жатпайды, – делінген Министрліктің әлеуметтік желідегі хабарламасында.
Елде 2020 жылға дейін белсенді фармацевтикалық субстанциялар міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізілген еді. 2020 жылдан бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес тиісті өндірістік практика (GMP) жағдайында өндірілген фармацевтикалық субстанциялар мен фармакопеялық дәрілік өсімдік шикізаты мемлекеттік тіркеуге жатпайтын көрінеді.