KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 1 м/с, С
478.54 533.76 5.17

Бүгін — Астана күні

Фото: egemen.kz

6.07.2023, 08:00 649

Елде Астана күні 6 шілдеде мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді. Бұл күннің өз тарихы бар.

Жоғарғы кеңес 1994 жылы 6 шілдеде ел астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдаған еді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Елорданы көшіру туралы ұсынысты тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан. 1997 жылы 20 қазанда елдің сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды.
Мұқият зерттеулер нәтижесі бойынша таңдалған Ақмола қаласының атауы 1998 жылы 6 мамырда Президент Жарлығы бойынша “Астана” болып өзгертілді. Ал Астананың халықаралық ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. 2006 жылға дейін астана күні ретінде осы күн белгіленіп, тойланып келді. Кейін заңға түзету енгізілгеннен кейін мейрам күні 6 шілдеге ауыстырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астананың 25 жылдығы. Жаңа даму бағыттары. Жаңа мүмкіндіктер» атты елорданың бауырлас қалалары форумының салтанатты ашылу рәсімінде ел астанасын ауыстыру оңай болмағанын мәлімдеді.
– Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті тұрғындары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр. Олар Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалысты, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосты. Мен баршаңызға шынайы алғыс айтамын. Шын мәнінде, Астана қаласының салынуы – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды. Өздеріңізге мәлім, елорданы көшіру оңай болған жоқ, қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім, – деді Президент.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив