Бірыңғай терезе: 1997 этникалық қазақтан өтініш қабылданды
Фото: egemen.kz
ҚР СІМ шет елдердегі мекемелері арқылы «қандас» мәртебесін алудың жаңа тетігін іске асыру жөніндегі пилоттық жоба шеңберінде «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша 656 отбасындағы 1997 этникалық қазақтан өтініш қабылданды.
Этникалық қазақтардың бұл өтініштері Қазақстанның солтүстік өңірлеріне жолданды, деп хабарлайды Altaynews Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Өтінішті қабылдап алған жергілікті атқарушы органдар оларды қарастыру және тұрақты қоныстану орны, жұмысқа орналасу және өңірлік квотаға енгізу бойынша ұсыныс беруі тиіс.
Этникалық қазақтарды қабылдау тетігін қайта қарау 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жүргізілді.
Өзгерістер Қазақстан елшіліктері арқылы құжаттарды қабылдаудың жаңа форматына ғана емес, қандастарды қоныстандырудың мына механизмдеріне де қатысы бар. Атап айтқанда:
- ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстандыру;
- демографиялық дамуға қажеттілігі бар даму әлеуеті бар агломерациялар мен ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтарына қоныстандыру;
- Қазақстан аумағында және отбасында ҚР азаматы болған немесе жақын туыстары тұрақты тұрған жағдайда (тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен) отбасымен қауышу;
- бос жұмыс орнына орналасу мақсатында (тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігі) жұмыс берушілердің шақыруы.