10,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Фото: halyq-uni.kz
1 шілдедегі жағдай бойынша 10 488 этникалық қазақ қандас мәртебесін алған. Ал, жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 117,6 мың этникалық қазақ оралыпты.
Қазақстанға келген қандастардың жартысы (56%) Өзбекстаннан, 19,3% – Қытайдан, 9,7% – Ресейден, 7,8% – Моңғолиядан, 4,6% – Түрікменстаннан және 2,6% басқа елдерден келген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 032 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.