Экология министрі орманшыларды мерекеге орай құттықтады
Қазанның үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні.
Осыған орай ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев орманшыларды құттықтады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
"Құрметті әріптестер!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Орман шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Табиғат қорғау мекемелерінде 17 мыңнан астам жұмысшы еңбек етіп жатыр, оның ішінде орман отырғызу мен оны қорғау саласындағы мемлекеттік орман күзетінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Мемлекет басшысының елімізді көгалдандыру бойынша тапсырмаларын орындауда орман саласының мамандары үлкен үлес қосып отыр.
Өз өмірлеріне қауіп-қатер төнсе де, берекелі қызметтерінің тұғырын құлатпау үшін аянбай тер төгіп жүр.
Құрметті әріптестер, қызметтеріңізге деген адалдық үшін шынайы алғысымды білдіремін, сондай-ақ болашақта да орман шаруашылығын дамытуға барлық күш-жігерлеріңізді жұмсайды деген сенімдемін.
Отбасыларыңызға амандық, таусылмайтын дәулет, арылмайтын бақыт, жұмыстарыңызға табыс тілеймін!" – деп жазылған хабарламада.