Жаңа халықаралық сауда-логистикалық орталығы ашылды
Фото: wareteka.com.ua
Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан Достық ауылының маңында жаңа халықаралық сауда-логистикалық орталық өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған жобаны Dostyk Storage ЖШС Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп жүзеге асырған болатын. Көзделген негізгі мақсат – трансшекаралық логистикалық инфрақұрылымды дамыту және «Алакөл» жол өткелінің өткізу қабілетін арттыру.
Dostyk Storage қоймасының құрылысы қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Жаңа қойма кешені “Достық” кеденінің “Алакөл” кеден бекетінің өткізу қызметін тәулігіне 200-ден 600 жүк көлігіне дейін арттырып, тәуліктік жүк айналымын 4 мыңнан 12 мың тоннаға дейін арттырады деп күтілуде. Бұл жүк айналымын 1 миллион тоннадан 3 миллион тоннаға дейін арттырады.
Айта кетерлігі, Dostyk Storage ЖШС логистикалық орталығы 13,5 гектар аумақта орналасқан. Оның 3,5 гектарын үй-жайлары мен қойма инфрақұрылымы алып жатыр, ал 10 гектары жүк көліктерін қоюға бөлінген. Жобаға арналған жеке инвестиция 2,8 млрд теңгеден астам соманы құрады. Кешен 3 жылдық мерзімге 100 пайыз құрылтайшысы Мемлекеттік кірістер комитеті болып табылатын Nur Zholy customs services мемлекеттік кәсіпорнының басқаруына берілді.