Жыл қорытындысы: мәдениет саласындағы даму мен жаңару кезеңі
2025 жыл Қазақстанның мәдениет саласы үшін мазмұнды өзгерістер мен жүйелі жаңғырулар кезеңі болды. Ел көлемінде мәдени инфрақұрылымды нығайту, шығармашылық ортаға қолайлы жағдай жасау және мәдениет қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылды. Бұл бастамалар ұлттық мәдениетті сақтауға, дамытуға және оны заман талабына сай жаңғыртуға бағытталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында өңірлік мәдениетті, әсіресе театр өнерін дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Осы тапсырмалар аясында елордада «Жастар» театры ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Астана қаласында Қуыршақ театрына арналған жаңа, заманауи ғимарат салу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұл бастамалар балалар мен жасөспірімдерге арналған мәдени ортаны кеңейтуге мүмкіндік береді.
Алдағы жылдары еліміздің бірқатар өңірінде театр өнері жаңа серпін алмақ. Атап айтқанда, Семей, Қонаев және Ақтөбе қалаларында жаңа драма театрларының құрылысы жоспарланған. Бұл жобалар аймақтардағы мәдени өмірді жандандырып, жергілікті шығармашылық ұжымдардың дамуына тың серпін бермек.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар мәдени нысандарды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңғырту нәтижесінде театрлардың материалдық-техникалық базасы күшейіп, көрермендерге қолайлы жағдай жасалмақ.
Мәдениет саласындағы маңызды бағыттардың бірі – білім беру инфрақұрылымын дамыту. Биыл Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бас корпусы толық жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Ал Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы үшін жаңа жатақхананың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, ірі қалаларда үш жаңа өнер мектебінің инфрақұрылымын жаңарту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл болашақ өнер мамандарын даярлауға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жалпы алғанда, 2025 жылы елімізде 61 жаңа мәдени нысан пайдалануға берілді. Өңірлерде 251 мәдениет нысанында жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар елорда тарихын зерттеудің маңызды орталығына айналуы тиіс «Бозоқ» археологиялық паркін құру жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Министрлік мәдениет қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге де басымдық беріп отыр. Азаматтық қызметкерлердің жекелеген санаттары бойынша жалақыны кезең-кезеңімен арттыру шаралары қолға алынды. 2022-2025 жылдар аралығында мәдениет және архив саласында еңбек ететін 64 мың қызметкердің жалақысы жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсті. Сонымен қатар мемлекет өнер және мәдениет саласы өкілдерін стипендиялар мен түрлі марапаттар арқылы ынталандыруды жалғастыруда. Жыл басынан бері 75 мәдениет қызметкері мемлекеттік стипендия иегері атанды.
Президент Жарлығына сәйкес ұлттық мәдениетті дамыту мен насихаттауға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың қатарында әлемдік опера сахналарында Қазақстанның атын танытып жүрген белгілі опера әншісі Мария Мудряк та бар. 2025 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Сонымен қатар биыл бірқатар жетекші мәдениет мекемелеріне «Академиялық» мәртебе берілді. Атап айтқанда, Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театры, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театры және Батыс Қазақстан облыстық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония осы мәртебеге ие болды. Бұл шешім аталған ұжымдардың кәсіби деңгейін мойындап, олардың шығармашылық әлеуетін одан әрі арттыруға жол ашады.
Жалпы алғанда, 2025 жыл мәдениет саласындағы кешенді жаңғыру мен тұрақты дамудың нақты кезеңі ретінде есте қалды. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар ұлттық руханиятты нығайтуға және мәдени мұраны келер ұрпаққа сапалы жеткізуге қызмет етпек.