KZ
Өскемен
+15°
пасмурно Штиль
481.63 534.46 5.28

Орман саласы мамандарын Түркия, Канада және Оңтүстік Кореяда оқыту ұсынылды

Фото: deutschland.de

12.02.2024, 19:00 138 ALTAINEWS

Соңғы екі жылда Қазақстанда екі ірі орман өрті болды. 2022 жылы Қостанай облысының аумағында болған өрт 40 мың гектарға жуық орман аумағын құртса, өткен жылы Абай облысында болған өрт 63 мың гектар орман алқабын жойды.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Болашақ» бағдарламасы аясында орман саласы мамандықтары бойынша жастарды шетелге оқуға жіберу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Informburo.kz порталына сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, бүгінде орман мекемелерінде кадр жетіспеушілігі орын алып отыр.

- Мысалы Шығыс Қазақстан облысының 13 орман шаруашылығында 747 орманшы қызмет атқарады, бұл нормативтің 70 пайызы. Бір орманшының қамтитын аумағы – 3 мың гектар. Жүктеме үлкен. Бұдан басқа жалақы мен әлеуметтік қолдау сұрақтары, орман мекемелерінің қызметкерлерін орман өрттерін сөндіру тактикасы мен тәсілдеріне оқыту, сондай-ақ қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша сапалы даярлау жүйесінің болмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жоғары оқу орындарында «орман ісі» мамандығы бойынша гранттар санын арттыру және Төтенше жағдайлар министрлігі оқу орталықтарының базасында орман өрттерін сөндіру станцияларының қызметкерлерін оқыту мен үйретуді қолға алу қажет, – деді депутат.

Сонымен қатар Еділ Жаңбыршин орман өрттерін болғызбау және оған қарсы күрестің заманауи әрі тиімді шаралары қолданылатын елдермен ынтымақтастық орнату қажеттігіне тоқталды.

- Олардың тәжірибесін зерделеу және қолдану қажет. Бұл – Түркия, Оңтүстік Корея, Канада, Балтық елдері және басқалар. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы аясында орман саласы мамандықтары бойынша жоғарыда аталған елдерге жастарымызды оқуға жіберу қажет. Біздегі ақпаратқа сәйкес «Болашақ» бағдарламасы аясында бір де бір орман шаруашылығы маманы даярланбаған, – деп қосты Еділ Жаңбыршин.

 

Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив