Еліміздің 17 өңірінде психологиялық қолдау орталығы ашылды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің әр өңірінде психологиялық қолдау орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар 17 өңірде ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, психологиялық қолдау орталықтарын дамыту арқылы педагог-психологтардың әлеуетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аталған орталықтардың басты мақсаты — жергілікті жерлерде балалардың, ата-аналар мен педагогтардың психологиялық әл-ауқатын нығайтуға және сақтауға бағытталған бірыңғай психологиялық қызмет жүйесін құру.
Орталықтар облыстың педагог-психологтары үшін бір-бірімен тәжірибе алмасатын, әдістемелік кеңес алатын тірекке, сондай-ақ оқушылар мен олардың ата-аналары көмек алу үшін жүгінетін орынға айналады. Жыл соңына дейін қалған облыстарда да орталықтар толықтай ашылады деп жоспарланып отыр.
Айта кету керек, орталықтар ашу бойынша іс-шара Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда көзделген.