Елімізде жыл басынан бері 150-ге жуық жаңа білім беру нысаны ашылды
Фото: Махаббат Ахметжанова
Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың басынан бері елімізде мектепке дейінгі, орта, арнайы, инклюзивті және қосымша білім беру салаларында 150-ге жуық жаңа нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мектепке дейінгі білім беру бағытында соңғы төрт ай ішінде 126 жаңа ұйым ашылып, шамамен 8,5 мың балаға арналған орындар құрылды. Сонымен қатар, балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған кеңес беру пункттерінің саны 4 100-ге жетіп отыр. Бұл орталықтарда ата-аналарға үй жағдайында бала тәрбиелеу мен дамыту бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі.
Орта білім беру саласында қазіргі таңда еліміздің өңірлерінде жалпы 267 мың оқушы орнына арналған 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жаңа форматтағы үш мектеп ашылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 23 мектепте реновация жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмыстарға мектептердің сыртқы қасбетін жаңарту, шатырлар мен терезелерді ауыстыру, инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту және аумақты абаттандыру кіреді. Ұлттық реновация бағдарламасы аясында 2027 жылдың соңына дейін 1 231 мектеп жаңартылмақ.