Конституцияның 30 жылдығына орай амнистия жарияланды
Фото: primeminister.kz
Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жарияланды. Мәжіліс тиісті заңды қабылдады. Бұл бастама Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып отыр. Рақымшылық 15 мыңнан астам адамға қатысты болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Енді жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасаған, қоғам мен мемлекет үшін аса қауіп төндірмеген адамдар жазадан босатылуы мүмкін. Әсіресе, әлеуметтік жағынан осал топтарға – көпбалалы аналар, мүгедектер, зейнеткерлер сияқты азаматтарға жеңілдік қарастырылған.
Барлығы 6 мың сотталған адам мен 9 мың пробация қызметінің есебінде тұрған азамат рақымшылыққа ілінеді. Оның ішінде 4 мыңға жуық адам толық бостандыққа шығады:
632 адам – түрмеден,
3,5 мың адам – пробациялық бақылаудан босатылады.
Сондай-ақ жазасының аяқталуына бір жыл қалғанда жақсы тәртіп көрсеткен тағы 1 700 адам мерзімінен бұрын босатылмақ.
Ал 11 мыңға жуық адамға – жазаның қалған мерзімі қысқартылады. Олардың ішінде:
5 400-і – түрмеде отырғандар,
5 500-і – пробацияда жүргендер.
Әйелдерге ерекше жеңілдік қарастырылған. Жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған баласы бар аналар, зейнеткер немесе мүгедек әйелдер амнистияға ілігеді. Барлығы 833 әйелге рақымшылық жасалады, оның 109-ы бостандыққа шықса, 724-інің жазасы қысқартылады.
Дегенмен, ауыр қылмыс жасағандар – мысалы, сыбайлас жемқорлар, зорлық-зомбылық көрсеткендер, мемлекет құпиясын таратқандар – бұл рақымшылыққа кірмейді.
Андрей Дудник