KZ
Өскемен
-23°
плотный туман жел 1 м/с, С
501.02 597.27 6.59

Мемлекет басшысы: «Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет»

23.06.2025, 16:35 272 Әбішев Ержан

24 маусым – Қазақстанда құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мейрамы. Осы атаулы күнге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген жиынында арнайы құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметінің Телеграмдағы арнасына сілтеме жасап.

– Ең алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтап, азаматтардың құқықтарын қорғауға зор үлес қосып келесіздер, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде соңғы жылдары барлық салада ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғырып келеді. Қоғамда құқықтық мәдениет нығайып, азаматтық жауапкершілік идеологиясы беки түсті.

– Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға ерекше көңіл бөледі. 2019 жылдан бері елімізде қылмыстық құқықбұзушылық деңгейі екі есе азайды. Қарақшылық, ұрлық, тонау және бұзақылық төрт есе қысқарды. Кісі өлтіру 30 пайызға азайды. Қоғамдық орындардағы қылмыс 80 пайызға төмендеді. Бұл – азаматтарымыз көшеде алаңсыз жүре алады деген сөз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі әлемдегі тұрақсыздық пен қауіп-қатер кезеңінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау аса маңызды екенін еске салды. Осы мақсатта елімізде барлық күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс істеуі қажет.

– Бүгінгі кеңеске орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар мен белсенді азаматтар қатысып отыр. Заң мен тәртіптің сақталуына қоғам өкілдері де зор үлес қосуда. Ал күштік құрылымдарды жаңғыртуда жаңа буын – курсанттардың рөлі ерекше. Сондықтан бұл жиынға академия курсанттары да арнайы шақырылды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық қылмыстық топтармен күресте халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтіп, шетелдік полиция атташелеріне алғысын білдірді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу