KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

326 мыңнан астам түлек тест тапсырды - ҰБТ

gov.kz

1.07.2025, 14:00 206 Айна Бакимбаева

Биылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі аяқталды. 16 мамыр мен 30 маусым аралығында өткен маңызды сынаққа 326 мыңнан астам түлек қатысқан. Бұл көрсеткіш – жастардың жоғары оқу орнына түсуге деген талпынысы әлі де жоғары екенін дәлелдейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Тестілеуге қатысушылардың 76%-ы қазақ тілінде, 24%-ы орыс тілінде, ал 253 талапкер ағылшын тілінде тапсырған. Бұл – елдегі тілдік таңдау еркіндігі мен ағылшын тіліне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Айрықша тоқталар жайт – ерекше білім беру қажеттіліктері бар 657 түлекке арнайы жағдай жасалып, олардың емтиханды еркін тапсыруына мүмкіндік берілді. Бұл – инклюзивті білім беру қағидатының нақты жүзеге асып жатқанының көрінісі.

Алты аптаға созылған тестілеу қорытындысы бойынша түлектердің 72%-ы шекті балл жинады. Орташа балл – 67. Ал ең жоғары нәтиже – 140 балл. Бұл нәтижені Түркістан облысының түлегі Әбілхан Жәнібек бірінші аптада көрсеткен.

Талапкерлердің таңдауы көбіне "Математика-Физика" (18%) және "Биология-Химия" (16%) пәндік комбинацияларына түскен. Бұл техникалық және медициналық бағыттардың әлі де сұранысқа ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ, талапкерлердің 13 пайызы шығармашылық емтиханды таңдаған. Бұл – өнер, мәдениет, журналистика сынды бағыттарға бет бұрған жастардың бар екенін білдіреді.

Тестілеу барысы қатаң бақылауда өтті. Соған қарамастан, 550-ден астам тәртіп бұзушылық фактісі тіркелді. 260 түлек тыйым салынған затпен ұсталып, емтиханнан шеттетілді.
289 адам ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижесі жойылды.1 түлектің нәтижесі бейнебақылау арқылы тексеріліп, күшін жойған.

Айта кету керек, бұл жолы өзге адамның орнына кіру фактісі тіркелмеген. Бұл – жеке сәйкестендіру жүйесінің тиімді жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.

Тестілеуден кейін талапкерлер 30 минут ішінде апелляция бере алады. Ал техникалық мәселелер бойынша шағымдар бірден қабылданады. Жауаптар мен нәтижелер – жеке кабинет арқылы қолжетімді.

Сонымен қатар, ҰБТ біткен соң 31 қазанға дейін барлық бейнежазбалар қосымша тексеріледі. Егер тыйым салынған әрекеттер анықталса, нәтижелер жойылады. Бұл – әділдікті қамтамасыз ету үшін қолға алынған алдын алу шаралары.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу