ҰБТ - аралық көрсеткіш: 116 мыңнан астам тестілеу жүргізілді

2025 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі 16 мамырда басталды. Бүгінгі таңда 116 мыңнан астам тестілеу рәсімі өткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Тестілеуге қатысушылардың 72 пайызы қазақ тілінде, 28 пайызы орыс тілінде сынақ тапсырды. Сонымен қатар, 114 талапкер ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
ҰБТ-ның екінші аптасы қорытындысында талапкерлердің 66,8 пайызы шекті баллдан өтті. Бес пән бойынша орташа нәтиже — 64 балл. Ал бірінші аптада Түркістан облысының түлегі Әбілхан Жәнібек 140 балл жинап, ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Талапкерлер ең көп таңдаған пәндер жұбы — «Математика–Физика» (19%). Одан кейін «Шығармашылық емтихан» (15%) және «Биология–Химия» (14%) бағытына сұраныс жоғары болды.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға тең жағдай жасау – басты назарда. Биыл тестілеуге осындай санаттағы 384 талапкер қатысты.
Әрбір талапкер тестілеу аяқталған соң 30 минут ішінде тапсырма мазмұнына қатысты шағым түсіре алады. Техникалық себептер бойынша туындаған мәселелерге байланысты апелляциялық өтініштер сынақ үстінде де қаралуы мүмкін. Барлық шағымдар назарға алынып, нәтижесі талапкердің жеке кабинетіне жүктеледі.
Бірінші аптада ережебұзушылықтың 142 фактісі тіркелді. Оның ішінде 68 талапкер смартфон, жауап парақтары және өзге де тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 74 талапкер аудиторияда ережені бұзғаны үшін шығарылып, нәтижелері жойылды. Бөгде адамның орнына тестілеуге қатысу фактілері тіркелген жоқ.
Негізгі кезең аяқталған соң, 31 қазанға дейін барлық тестілеу процесінің бейнежазбалары қайта қаралып, тәртіп бұзушылықтар анықталған жағдайда нәтижелер жойылады.
Айта кетейік, 216 мыңнан астам талапкер жалпы саны 399 мыңға жуық тестілеуге өтініш берген.
Роксана Глыбова
Фото: ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі