ҰБТ: екі апта ішінде 79 мыңнан астам талапкер тест тапсырды
pexels.com
Қаңтар айындағы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 65-ті құрады, ал ең жоғары нәтиже – 137 балл – екі талапкердің еншісінде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі KAZINFORM порталына сілтеме жасап.
Тестілеуге қатысушылардың 76,8%-ы қазақ тілінде, 23,1%-ы орыс тілінде, ал 46 талапкер ағылшын тілінде сынақ тапсырды.
Талапкерлер арасында ең танымал пән комбинациялары «Математика-Физика» және «Биология-Химия» болды – оларды жалпы қатысушылардың 16,9%-ы таңдады. Ал «Шығармашылық емтиханды» 10,3% талапкер тапсырды. Ең сирек таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны барлығы 105 талапкер таңдаған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге арнайы жағдай жасалып, тестілеуге 203 адам қатысты.
Тестілеу аяқталған соң талапкерлерге 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беру мүмкіндігі берілді. Апелляция нәтижелері шыққаннан кейін сертификат жеке кабинетте қолжетімді болады.
Қазіргі уақытта 111 талапкердің тест нәтижесі жойылды. Оның ішінде 70 адам тыйым салынған заттарды – смартфон мен шпаргалкаларды пайдалануға тырысқаны үшін тесттен шығарылса, 41 талапкер тестілеу барысында ереже бұзғаны анықталып, аудиториядан шығарылды. Басқа бұзушылықтар тіркелген жоқ.