KZ
Өскемен
+25°
небольшая облачность жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Астана күні неге дәл 6 шілдеде аталып өтеді?

6.07.2025, 09:00 133 Төлеуғазы Жансая

Елорда күні – Қазақстан халқы үшін тарихи әрі мәдени маңызы зор мемлекеттік мереке. Бұл күн елорданың қалыптасуымен және Тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы маңызды кезеңдермен тығыз байланысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Астананы Ақмола қаласына көшіру туралы» қаулы қабылдады. Осы шешім астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудің ресми бастамасы болды.

Астананы ауыстыруға бірнеше стратегиялық және геосаяси себептер әсер етті. Алматы елдің оңтүстігінде, шекараға жақын орналасқан және кеңею мүмкіндігі шектеулі қала болды. Ал Ақмола – елдің дәл орталығында орналасқан, инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары қала ретінде жаңа астана болуға лайық деп танылды.

1997 жылы орталық мемлекеттік органдар Ақмолаға көшірілді. Ал 1998 жылғы 6 мамырда қала атауы ресми түрде «Астана» болып өзгертілді. Дәл осы жылы 10 маусымда жаңа астананың халықаралық таныстырылымы өтті. Осы күн біраз уақыт қала күні ретінде бейресми аталып келді.

Алайда, 2006 жылы қала күнін 6 шілдеге көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл күн 1994 жылы ел астанасын көшіру туралы тарихи шешім қабылданған күнмен сәйкес келеді. Кейін 2008 жылы 25 маусымда «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, 6 шілде — Астана күні ретінде ресми түрде мемлекеттік мерекелер тізіміне қосылды (№47-IV Заң).

Заң шығарушылар бұл күнді Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде атап өтуді орынды деп тапты. Астана күні бүгінде елдің дамуына деген сенімнің, тұрақтылық пен табыстың символына айналды.

Қала атауының тарихы:

  • Ақмола — 1830–1961 жж.
  • Целиноград — 1961–1992 жж.
  • Ақмола — 1992–1998 жж.
  • Астана — 1998–2019 жж.
  • Нұр-Сұлтан — 2019–2022 жж.
  • 2022 жылы қала атауы қайтадан Астана деп өзгертілді.

Бүгінде Астана – Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени орталықтарының бірі ретінде мойындалған. 6 шілде – осы тарихи жолдың бастау алған күні ретінде ерекше аталып өтеді.

Жайна Сыранова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу