KZ
Өскемен
-4°
снег жел 2 м/с, В
517.66 606.49 6.44

Мейіргерге қаралып, дәрі алуға болады: Қазақстанда жаңа тәжірибе іске қосылды

stock.adobe.com

6.08.2025, 16:00 199 Айна Бакимбаева

Қазақстанның емханаларында кеңейтілген өкілетке ие мейіргерлер қабылдау жүргізе бастады. Бұл жаңалық – әлемдік денсаулық сақтау жүйесінде бұрыннан қолданылып келе жатқан тәсілдердің бірі. Енді пациенттер бастапқы тексеру мен кеңесті тек дәрігерден ғана емес, арнайы дайындықтан өткен мейіргерден де ала алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мейіргер енді тек екпе салып, қан қысымын өлшеп қана қоймайды. Ол пациентті қарап, шағымын тыңдайды, қажет болса, зерттеуге жолдама береді, скринингке, вакцинаға шақырады. Қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы сияқты созылмалы аурулармен ауыратын адамдардың жағдайын бақылап, кеңес береді.

Кеңейтілген өкілетке ие мейіргер:

  • қан қысымын, салмақты, бойды өлшейді;

  • ауыз қуысын, теріні, сүт бездерін тексереді;

  • инфаркт, инсульт, онкология секілді аурулардың қаупін бағалайды;

  • қандағы қант пен холестерин деңгейін тексереді;

  • қажет болса ЭКГ-ге жібереді;

  • дәрігер бұрын тағайындаған дәріні қайталап жазып береді;

  • дұрыс тамақтану, денсаулықты күту бойынша кеңес береді.

Егер науқас бұрын диспансерлік есепке алынған болса және жағдайы тұрақты болса, мейіргер дәрігер жазып берген препараттарды қайтара жазып береді. Бұл әсіресе қант диабеті мен қан қысымы сияқты ауруларға қатысты.

Жаңа тәсіл дәрігердің жұмысын жеңілдетіп, ауыр науқастарға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Ал пациентке ұзын-сонар кезекте тұрмай, уақытты үнемдеуге жол ашады.

Медицинада мейіргердің рөлі артып келеді. Ол дәрігердің көмекшісі емес, өз құзыреті бар маман. Сондықтан қазіргі таңда мейіргерлер үшін кәсіби өсудің жаңа жүйесі енгізілуде. Кіші мейіргерден бастап, кеңейтілген өкілеттігі бар жалпы практика мейіргеріне дейін өсіп, өз алдына пациент қабылдай алады.

Бұл – Қазақстан денсаулық сақтау саласында қолға алынған маңызды жаңалықтардың бірі. Мұндай өзгеріс әрбір азаматтың сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуына жағдай жасайды.

Дереккөз: Денсаулық сақтау министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу